Селфи акуладан бес есе қауіпті - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Эмигранттардың өмір сүруіне ең қымбат қалалар рейтингі шықты - CNN
null

«Өміріңді өзгертіп, шетелде жұмыс істегің келе ме? Жаңа зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жұмыс істеу үшін Азия елдеріне барудың қажеті жоқ. Себебі эмигранттардың өмір сүруі үшін ең қымбат қалалардың көбі Азияда орналасқан. 2019 жылдың Mercer Global Talent Trends рейтингінің көшін Гонконг қаласы бастап тұр», деп жазады CNN басылымы. Автордың айтуынша, эмигранттардың өмір сүруіне ең қымбат қала танылған он шаһардың сегізі Азия елдерінде орналасқан.

«Алғашқы ондықта Гонконгтен (Қытай) кейін Токио (Жапония), Сингапур, Сеул (Оңтүстік Корея), Цюрих (Швейцария), Шанхай (Қытай), Ашхабад (Түрікменстан), Бейжің (Қытай), Нью-Йорк (АҚШ) және Шэньчжэнь қалалары бар. Ал ең арзан қалалар ретінде рейтингті Тунис астанасы Тунис (209-орын), Өзбекстан астанасы Ташкент (208-орын) қалалары түйіндеп тұр», деп жазады басылым.

Әлем генді өзгертуге дайын ба? - Nature
null

«Іште жатқан баланың генін өзгерту еш қатесіз жасалған күннің өзінде, адам өміріне оның қаупі бар ма деген сұрақ туындайды», деп жазады Ұлыбританияның Nature журналы.

«2017 жылы АҚШ биоинженерия және медицина ұлттық ғылыми академиясы адам эмбрионын өзгертпес бұрын қандай іс шаралар атқарылуы керектігі туралы шарттарды белгілеген еді. Солардың бірінде ДНҚ өзгірісі денсаулыққа кесірін тигізбей, аурулардың тууын болдырмау керектігі айтылған. Дегенмен, ғалымдар бұл талапты орындау мүмкін еместігін, себебі ДНҚ өзгерісі адамға болашақта қалай әсер ететінін болжауға болмайтынын айтуда», делінген мақалада. Ғалымдар дамудың ерте сатысында қай клеткада зақым барын алдын ала анықтаудың да қиын екенін айтуда.

«Ғалымдар айтып жатқан проблемаларға қарамастан, этикалық және әлеуметітк проблемалар басым түсетіні анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы наурыз айында эмбрион генін өзгерту жауапкершілікке жатпайтынын мәлімдеген болатын. Сондай ақ әзірге ген ақауынан туындаған ауруы бар адамдар да мәселеге үн қоспаған. Дегенмен, қоғам пікірін зерттеушілер көпшілік генді өзгерісті қолдайтынын жеткізген. Ұлыбритания ғалымдары жүргізген сауалнамаға қатысушылардың 83% емделмейтін аурулардың алдын алу үшін эмбрион генін өзгертуді қолдайтынын айтқан», деп жазады автор.

140 мемлекеттен гөрі Америка әскері қоршаған ортаны көп ластайды - Tages-Anzeiger
null

«Америка Құрама Штаттарының жетпіс мемлекетте 800-ден астам әскери базасы бар. Яғни, әлемнің түкпір-түкпірінде Америка әскерінің ізі жатыр», деп жазады Швейцарияның Tages-Anzeiger басылымы. Автордың айтуынша, АҚШ әскери бюджеті 700 млрд долларды құрайды және әлемнің басқа мемлекеттерін басып озады.

«АҚШ әскери бюджетінің жартысынан көбі инфрақұрылымдарға жұмсалады. Бүкіл әлем бойынша операцияларды жүргізуді жүзеге асыру үшін үнемі өте көп жанармайды қажет етілетін техника қолданылады. Осыған орай америка әскерінің үлесіне тиетін СО2 газы да көп. 2017 жылы әскер 269 мың баррель мұнай алып, ауаға 25 мың килотонна көмірқышқыл газын шығарған. Бұл туралы Дарем және Ланкестер университеттерінің ғалымдары жүргізген жаңа зерттеуде айтылды», делінген ақпаратта. Зерттеу туралы мақала Transactions of the Institute of British Geographers ғылыми журналында жарияланған.

«Зерттеу нәтижесіне сенсек, АҚШ әскері тарихтағы қоршаған ортаны ең көп ластаушы саналады. Бір жылда америка әскері басқа мемлекеттерге қарағанда парникті газдарды көп шығарады және ең көп жанармай тұтынады. Егер Америка әскері жеке мемлекет болса, ол қоршаған ортаны ластаушы мемлекеттер рейтингінде жүз қырық мемлекетті артқа тастап, 52-орын алар еді», деп жазады автор.

G20 саммиті: АҚШ-Қытай сауда келіссөздері қайта жанданады - ВВС

«АҚШ пен Қытай әлемдік экономиканың бәсеңдеуіне әсер еткен сауда дауын шешу үшін өзара келіссөздерді қайта жандандыруға келісті», деп жазады ВВС басылымы. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин бұл туралы Жапонияда өткен G20 саммитінде келісті.

«Оскадағы G20 саммитінде Дональд Трамп АҚШ-тың 300 млрд долларлық қытай импортына тариф салынбайтынын атап өтті. Сонымен қатар баспасөз конференциясында америкалық компанияларға Қытай технологиясын сатуға рұқсат беретінін мәлімдеп, өткен айда АҚШ сауда министрлігі енгізген тыйымның күшін жойғандай болды», делінген агенттік ақпаратында.

Селфи акуладан бес есе қауіпті - Le Figaro
null

Селфи жасаймын деп көз жұматындар қатары артты. Le Figaro басылымының жазуынша, селфи акулаларға қарағанда бес есе қауіпті болып шықты.

«Соңғы онжылдықта планетаны басып алған селфи сәнге айналып, акулаға қарағанда бес есе жиі өлім себепшісі болды. Сондай-ақ жыл сайын смартфондар танымалдығы артып, селфиден көз жұматындар қатары да көбейе бастады», деп жазады автор. Оның айтуынша, Journal of Family Medecine and Primary Care журналында жарияланған мақалада ғалымдар соңғы алты жылда бүкіл әлем бойынша селфи жасау барысында үш жүзден астам адам қаза тапқанын келтірген. Дәл осы жылдар аралығында акулалар кесірінен елу адам көз жұмған.

«Селфиге көбіне әйелдер құмар. Дегенмен, фотографиялық трагедиялардың төрттен үші ер адамдарда болады. Олар өрт кезінде, қару ұстап немесе көліктен селфи жасап қаза тауып жатыр. Селфиден болған өлім көрсеткіші бойынша 800 млн ұялы телефоны бар Үндістан бірінші орында тұр. Одан кейін Ресей, АҚШ, Пәкістан келеді», деп жазады басылым. Автордың сөзінше, селфи жасау кезінде пойыз астына түскен немесе қайықтан құлап көз жұмғандар қатары артқандықтан, Үндістанда селфи жасайтын арнайы орындар жасалған.

Бір ғана Бомбей қаласында селфи жасауға арналған 16 орын бар. "Селфи жасау барысында қаруы атылып кетіп көз жұмғандар көрсеткіші АҚШ-та өте көп», дей келе автор адамдардың музейлерде де селфи жасауы көбейгенін айтады.

«Венада селфи сергелдеңінен цифрлық технологиялардан қорғау кампаниясы басталды. Осылайша, Густав Климттің картиналарының бірінде «суретке түсудің орнына картинаға қара» деген үлкен қызыл хэштег қойылған», деп жазады автор.

Соңғы жаңалықтар