«Сбербанк Қазақстанға» жаңа лицензия алу талап етілмейді - Мәдина Әбілқасымова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Санкциялар енгізілер алдында «Сбербанк Қазақстан» активтер бойынша еліміздің банк жүйесінде екінші орында болды. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде бұл банк қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен қатар оның лицензиясы бар және тұрақты банк ретінде жұмысын жалғастырып отыр. Аталған банктің активтері санкциялар енгізілгеннен бері қысқарғанын атап өткен жөн. Санкциялар енгізілер алдында «Сбербанк Қазақстан» активтер бойынша еліміздің банк жүйесінде екінші орында болды», - деді М. Әбілқасымова Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол қазіргі кезде «Сбербанк Қазақстанның» активтері азайғанымен, оның төлем қабілеттілігі сақталып отырғанын айтты.

«Бұл банкті сату туралы шешім қабылдануына байланысты, оның акционері тиісті келіссөз жүргізіп жатыр. Келісімшарт бекітілсе, яғни меншік иелігіне қатысты акциялардың 100 пайызы сатып алған тарапқа өткізіледі. Бұл өз кезегінде банкке жаңа лицензия алуды талап етпейді. Сондықтан елімізде жаңа банк пайда болмайды, тек акционері ғана ауысады», - деп түсіндірді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, аталған банктің капиталы жеткілікті көлемде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Бәйтерек» холдингі «Сбербанк Қазақстанды» сатып алуға қатысты келіссөз жүргізіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар