«Саз әлеміндегі» сынақ: Димаш 7 жыл бұрынғы оқиғаны еске алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әнші Димаш Құдайберген алғаш рет 7 жыл бұрынғы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол тұста әнші «Саз әлемі» бағдарламасына қатысып, отандық төрешілердің сынына іліккен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті достар! Күні кеше «Россия» арнасынан «Привет, Андрей!» эфирін көрген боларсыздар. Бағдарламада шағын, бірақ өте маңызды бір эпизод көрсетілді. Ол жерде мен өз елімді сүйетінімді және жерлестерімді құрметтейтінімді айттым. 2013 жылы «Саз әлемі» бағдарламасында болған оқиға – бүкіл қазақстандықтардың маған деген қарым-қатынасының көрсеткіші емес. Мен 2013 жылғы бұл бағдарламадан бұрын да дәл осылай ән шырқап, халықаралық конкурстарда жүлде алып жүрдім. Қалай дұрыс деп шешсем, солай ән салып жүрмін. Шығармашылығымның қандай болатынын да өзім шешемін», - деп жазды әнші Димаш Құдайберген.

Әнші бұл ретте ата-анасы мен достары көп қолғабыс ететінін жазады. Ол ең алдымен Қазақстанның арқасында осындай дәрежеге жеткенін сөз етті.

«Мен Қазақстанда туып-өстім, қазақтың ас-суын ішіп, қазақ вокал мұғалімінен тәлім алдым, қазақ отбасында өстім. Мені алға жетелейтін басты ынталандырушы - менің ұлтым және елім! Америка немесе Қытай болсын, менің мансабым қарқын ала бастағанда халықаралық жарыстарға жалғыз ғана ниетпен бардым . Ол мақсат - өз елімнің абыройын асқақтату. Мұндай талап-тілегім болмаса, мүмкін мен шетелде өнер көрсетпес едім. 2013 жылғы видео туралы айтар болсам, достар, шынымды айтсам, мен бұл видеоны қайтадан көремін деп ойлаған жоқпын, өйткені оны ұмытып та кеткен едім. «Ресейлік әріптестерімнің алдында өз әншілерімізді қорғай алмады, әлі күнге дейін біреуге өкпелі» деп ойлап қалмаңыздар. Қажетсіз естеліктерді ұмыта аламын. Сол кеште өз отандастарымды қорғап сөйлесем де, өкінішке қарай, ол фрагмент эфирге енбей қалған. Сол видеоны бір-бірімізге таратуды қояйықшы, достар», - деп жазады әнші Instagram парақшасында.

Димаш қанша жыл өтсе де, сол видеоның талқылана беретініне қайран қалды.

«Бала кезімнен сынға дайын болдым, объективті болсын-болмасын - бәрібір, мені ренжіту өте қиын. Сол видеодағы адамдар да әлі күнге дейін қанша халықтан сөз естіп жатыр. Әркімнің өз пікірі бар, ол уақыт өте келе өзгерген болуы мүмкін, өзгермеуі де ықтимал. Бірақ бәрі өткен күнде қалды. Әркімнің өз отбасы, балалары бар, меніңше, оларға адамдардан ауыр сөз есту оңай емес. Бұл видеоның әр уақытта әр елде аяқ астынан шыға келетіні маған ұнамайды», - деп түйіндеді әнші.


Соңғы жаңалықтар