Сайт арқылы мүлкін сатпақ болған елорда тұрғындары алаяқтың құрбаны болуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Хабарландыру сайттарында мүлкін сатқан елорда тұрғындары алаяқтардың құрбаны болуда. Бұл туралы қалалық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының кибер қылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі Саят Дүйсенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда тұрғындары қалалық Полиция департаментіне интернет алаяқтың құрбаны болғаны туралы арыз-шағым түсіріп жатыр.

«Толығырақ тоқталып өтсем: Онлайн хабарландыру сайтында (OLX) меншік затын сатпақ болғандар жарнама береді. Қазақстанда немесе елордада жүрген интернет алаяқтықпен айналысатындар хабарландыруды зерделеп, жеке мүлкін сататын адамдарға WhatsApp арқылы хабарласып, оның мүлкін сатып аламын деп өтірік келіседі. Жәбірленушілер мүлкін сатып аламын деген алаяққа мүліктің суретін жіберіп, бағасын айтып, ортақ келісімге келеді. Осы орайда алаяқ жәбірленушіге ақша аударамын деген желеумен банк картасының нөмірін, ЖСН нөмірін, CVV кодын сұрайды», - дейді Саят Дүйсенбаев.


Оның айтуынша, жәбірленушілер интернет-алаяқтарға алданып, олар сұраған мәліметтерді береді.

«Алаяқтар жәбірленушінің банк шотына мүліктің бастапқы сомасын салады. Мысалы, 1-1,5 миллион теңге артық салады да, «Сізге артық ақша салып жіберіппін. Банк картасының құпия кодын бере аласыз ба? Артық кеткен ақшаны қайтарып қалайық» деп алдау арқылы жәбірленушінің банк картасының нөмірін, ЖСН нөмірін, CVV кодын біледі. Одан кейін жәбірленушінің картасындағы қаржыны түгел шешіп алады», - дейді ол.

Осындай жағдайға тап болған 50 адам полицияға шағымданған.

«Интернет-алаяқтарға алданғандардың көбі – зейнеткер. Тұрғындарды осындай жолмен алданып қалмауға шақырамыз. Банк картасының нөмірін, ЖСН, CVV кодын ешкімге беруге болмайды. Қазіргі уақытта Криминалдық полиция қызметкерлері және тергеу басқармасының тергеушілері осы факті бойынша 5 қылмысты ашты. Оның ішінде 3 адам ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - дейді Саят Дүйсенбаев.


Соңғы жаңалықтар