Сайлауда «Барлығына қарсымын» графасын енгізу таңдау еркіндігін қамтамасыз етеді – Нығматулин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсымын» графасын енгізудің маңыздылығын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барлығына қарсымын» графасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен сайлау бюллетеньдеріне енгізілуде. Парламент сессиясының ашылуында Президент «Балама пікірлер», «Барлығына қарсы дауыс беру» сияқты ұғымдардың қазақстандықтар үшін қалыпты жағдай болуы қажеттігін атап өтті. Бұл шара бірде-бір кандидатқа немесе бірде-бір партияға қанағаттанбаған азаматтарға өз пікірін білдіруге мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибені талдау көрсеткендей, бұл ұстаным – «барлығына қарсымын» бағаны көптеген елдердің сайлау бюллетенінде бар. Көршілеріміз Ресейде, Аустралия, Испания, Үндістан және бірқатар Еуропа елдерінде бар», - деді Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

«Сондықтан, менің ойымша, осы графаны енгізу арқылы азаматтарымыздың таңдау еркіндігін қамтамасыз етеміз. Бұл өте маңызды норма және Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы екенін қайталағым келеді және біз бұл норманы міндетті түрде қолдаймыз», - деді Мәжіліс төрағасы.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңы жобасын таныстырды.

Онда аудан әкімдерін сайлау, Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету және барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсымын» графасын енгізу ұсыныстары айтылған.

Заң жобасын Мәжілістің жалпы отырысына қатысып отырған 95 депутаттың барлығы мақұлдады.


Соңғы жаңалықтар