Сайлау заңына әйелдер мен жастарға қатысты жаңа талап енгізілмек - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің сайлау туралы заңына әйелдер мен жастарға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылады. Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры Олжас Данабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге мәлім, 2019 жылы 20 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында, қолданыстағы саяси жүйені реформалауға бағытталған бірқатар ұсыныстар жасады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыз квотаны қарастыру және саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету қажет» екенін атап өтті. Осыған орай, Президенттің аталған тапсырмаларын орындау мақсатында Әділет министрлігімен тиісті заң жобаларының тұжырымдамалары әзірленіп, олар осы жылдың 5 ақпанында Заң жобалау қызметінің ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, 8 ақпанындағы тиісті хаттамаға сәйкес мақұлданды», - деді ол ҚР Әділет министрлігі Қоғамдық кеңесінің отырысында.

Оның атап өтуінше, аталған отырыста мақұлданған тұжырымдамалар негізінде тиісті заң жобалары әзірленді. Олар: «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңының жобасы жене «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы.

«Партиялық сайлау тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квота енгізу жөніндегі тапсырманы «Сайлау туралы» Конституциялық заңға және «Саяси партиялар туралы» Заңға түзетулер енгізу жолымен іске асыру ұсынылады. Бұл заңдарда әйелдер мен жастарға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылатын болады», - деді департамент басшысы.

Министрлік өкілінің айтуынша, аталған мәселе бойынша шетелдік тәжірибе де зерделенген. Әлемдік тәжірибе бойынша әйелдердің сайланбалы органдарда өкілдік етуін арттыру құралдарының бірі - әйелдер үшін арнайы квоталар енгізу. Партиялық арнайы квоталар Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады және тиісті нормалар Германияда, Норвегияда, Францияда және Бельгияда сайлау туралы заң деңгейінде бекітілген.

«Қазіргі таңда қалыптасқан әлемдік тәжірибені және Қазақстан әйелдер істері жөніндегі қабылданған құжаттар төңірегінде ұсынылып отырған заңнамалық нормалар әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне ары қарай белсенді тартуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бұл ретте, Мемлекет басшысы атап өткендей, біз Парламентке және жергілікті өкілді органдарға жастардың келуіне ықпал етуге тиіспіз. Осы бөлікте ұсынылып отырған заңнамалық шаралар, қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған конструктивтік ойлары бар белсенді жастарды тартуға мүмкіндік береді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар