Сайлау: Түске дейін БҚО тұрғындарының 29% таңдауын жасап үлгерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов өңірдегі дауыс беру барысын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде облыс бойынша 79 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Комиссияның 488 мүшесі сайлау учаскелерінің жұмысын қамтамасыз етеді. Комиссияның барлық мүшелері Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкес кәсіби дайындық рәсімінен өтті. Бүгін таңертең барлығы ОСК-ның әдістемелік нұсқауына сәйкес ашылу рәсімін өткізді», - деді Ғ. Қапақов Оралда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әзірге Батыс қазақстан облысы бойынша тұрғындардың 29% дауыс берді, оның ішінде Ақжайық ауданы – 16%, Бөкей ордасы ауданы – 29%, Бөрілі ауданы – 23%, Жаңақала ауданы – 33%, Қаратөбе ауданы – 34%, Бәйтерек ауданы - 34%, Сырым ауданы - 41% көрсеткішке ие.

«Белсенді қатысып, тұрғындардың 40-50%-ы дауыс берген ауылдар бар. Кей ауылдарда сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары», - дейді Ғ. Қапақов.

Айта кетейік, бүгін тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр.

Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметінше, барлығы 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Оның 2297-і тіркеуден өткен.

Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар.

Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өз-өзін ұсыну мүмкіндігі берілген болатын.

Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланып отыр.


Соңғы жаңалықтар