Сайлау: Кімдер Сенат депутаты бола алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың 13 маусымында Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну басталады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 15 қазанында өңірлерден сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері аяқталады. Сайлауды ҚР Президенті іс басындағы депутаттардың өкілеттігі аяқталғанға дейін төрт ай бұрын, яғни 15 шілдеден кешіктірмей белгілейді және ол екі ай бұрын, яғни 15 тамыздан кешіктірілмей өткізіледі. Өздеріңіз білетіндей, бүгін ҚР Президентінің ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын 2020 жылдың 12 тамызына белгілеу туралы қаулысы шығып , күшіне енді», - деді ол комиссияның онлайн отырысы барысында.

Оның атап өтуінше, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен, яғни 13 маусымнан басталады және сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша 2020 жылғы 12 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады.

«Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ұсынуды мәслихаттар, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырады. Отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам Сенат депутаты бола алады. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарды сайлауға және олардың сайлануға құқығы жоқ. Соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысын және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат бола алмайды», - деді К.Петров.


Соңғы жаңалықтар