Сайлау-2021: Әр сайлаушының білуі тиіс құқықтары мен мүмкіндіктері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Енді тура 2 айдан кейін еліміздің жоғары заң шығарушы органының төменгі палатасы - Мәжіліс депутаттарын сайлау партиялық тізім бойынша өтетіні белгілі.

Ал күні кеше ғана республиканың Орталық сайлау комиссиясының саяси науқанға арналған күнтізбелік жоспарына сәйкес, еліміздің түкпір-түкпірінде кандидаттарды ұсыну жұмысы басталып та кетті. Осыған орай елімізде дауыс беру құқығына ие азаматтар саны, сайлаушылар тізімі, оған қосылу мүмкіндігі жайындағы мәліметтерді оқырман назарына ұсынбақпыз.

Сонымен, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ұсынған деректерге сәйкес, Мәжіліс сайлауында сайлаушылар тізіміне кіргізілген азаматтардың саны 11 820 318 адамды құрайды.

«Орталық сайлау комиссиясы алдағы науқанның кезекті сипатын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдармен бірге 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша сайлаушылардың тізілімін өзектендірді. Аталған жұмыс 1 қазандағы жағдайға сәйкес, сайлаушылар тізіліміне 11 820 318 адамды тіркеуге мүмкіндік берді. Ертеректе, дерекөзі әртүрлі болған кезде кейбір азаматтар екі түзілімде немесе бірде-бірінде болмай шығатын. Қазір бұл тәжірибе жойылды деп санаймыз», - дейді ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.

Оның атап өтуінше, сайлаушылардың тізілімін қалыптастыру сайлау процесінің маңызды ұйымдастырушылық элементтерінің бірі саналады.

«Сайлаушылардың тізілімі негізінде азаматтар өздерінің ел Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлауға арналған конституциялық құқықтарын жүзеге асырады. Осыған орай сайлаушылардың барынша толыққанды әрі нақты тізілімін түзу жеке жергілікті атқарушы органдардың ғана емес, әкімдіктердің, аумақтық сайлау комиссияларының және әрбір сайлаушының бірлескен жауапкершілігі ретінде қарастырған жөн», - деді Константин Петров.

Расында да 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, бас бостандығынан айыру орындарында отырмайтын республиканың белсенді сайлау құқығы бар сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды. Бұл ретте нақты бір сайлау учаскесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның сол сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болып саналады. Алайда елімізде нақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуде жүрмеген адамдардың қарасы қалың сияқты. Оған ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев деректері себеп.

Оның айтуынша, елімізде 18 жасқа толған 11 733 944 азамат тіркелген.

«ІІМ мәліметтері бойынша осы жылдың 26 қазанындағы жағдайға сәйкес, елімізде 18 жасқа толған 11 733 944 азамат тіркелген. Оның ішінде 11 099 923 тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген. 15 324 адам тек уақытша тіркеуге алынған. 618 мыңнан астам адам тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылған. Қазір министрлік Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, сайлаушылар тізімін өзектендіру бойынша өзара іс-қимыл алгоритмдерін пысықтауда. Соған сәйкес, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға дайындық бойынша жұмыс жалғасады», - деді Марат Қожаев.

Жоғарыдағы деректерден-ақ Орталық сайлау комиссиясы мен Ішкі істер министрлігінің мәліметтерінде 80 мыңға жуық сайлаушыға қатысты ақпарат алшақтығын байқауға болады. Ал бұл жайтқа қатысты түсініктеме берген ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев сайлауға 20 күн қалған уақытқа дейін сайлаушылар тізіміндегі сәйкессіздіктер ретке келтірілетіндігін айтты.

«Азаматтардың бірі көшеді, енді біреуі тіркеуден шықса, келесісі тіркеліп жатады. Сондықтан жеке тұлғалардың дерек базасы бойынша онлайн жұмыс жүргізіліп жатыр. Сағат сайын өзгерістер енгізіліп отырады. Сол себепті қазірден бастап сайлаушылар тізімдеріне мұқият қарап, мәліметтерді тексеріп отырмыз. Сайлауға 20 күн қалған кезде жергілікті атқарушы органдар сайлаушылардың тізімін тапсырады. Сол уақытқа дейін олар тізімді сәйкестендіріп, нақтылауы тиіс. Бірақ бұл тек мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес. Бұл - сайлаушының да міндеті. Сайлаушы call-орталыққа немесе жергілікті атқарушы органға өтінішпен жүгініп, тізімде бар-жоғын, мәліметтерінің дұрыс-бұрыстығын тексеруге құқылы. Сол себепті қазіргі таңда айырмашылықтар болғанымен, уақытында орнына келеді», - деген Ерлан Дауылбаев дауыс беруге 5 күн қалғанда Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың мәліметтерін қайтадан тексеріп шығатындығын айтты.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметі бойынша, сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды.

«Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды. Оған республиканың белсенді сайлау құқығы бар 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, бас бостандығынан айыру орындарында отырмайтын азаматтар енгізіледі. Нақты бір сайлау учаскесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болып саналады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне олардың жергілікті атқарушы органдарға берген өтініші негізінде ғана енгізілуі мүмкін.

«10 желтоқсанға дейін тіркеу болмаған жағдайда азаматтар дауыс беруге арналған учаскені таңдау туралы жергілікті атқарушы органға өтініш жасауға құқылы. Егер сайлаушыға сайлаудан кемінде 30 күн бұрын, яғни 10 желтоқсаннан кешіктірмей, сайлау күні оның тіркелген жері бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмайтыны белгілі болған жағдайда, ол өзінің болатын жері бойынша жергілікті атқарушы органға өзін сайлаушылардың тиісті тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініш жасауға құқылы. Бұл ретте жергілікті атқарушы орган азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны азамат дауыс беретін учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізуді ұйымдастырады», - деді Константин Петров.

Айта кетерлігі, Орталық сайлау комиссиясы әр сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы екендігіне назар аудартып отыр.

«Егер сізге 2020 жылғы 10 желтоқсанға дейін сайлау күні тіркелген жеріңіз бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігіңіз болмайтыны белгілі болған жағдайда, баратын жеріңіздегі әкімдікке сайлаушылардың тиісті тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз. Егер сіз тұрақты тіркелген жеріңізден тыс елді мекенде болсаңыз және тұрғылықты жеріңіз бойынша уақытша тіркелген болсаңыз, онда 2020 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірмей, сайлау күні дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен өзіңіз уақытша болатын жердегі әкімдікке жүгінуге құқылысыз. Құрметті сайлаушы! Құқықтық сауаттылық танытыңыз және өзіңіздің сайлау құқығыңызды іске асырыңыз! Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша заңды әрі маңызды әрекеттерді уақтылы қабылдауыңыз қажет. 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап сізге өз сайлау учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы мәліметтерді тексеру мүмкіндігі беріледі», - делінген ОСК сайлаушыларға арнаған үндеуінде.


Соңғы жаңалықтар