Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемкомиссияның екінші отырысы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мен оның өңірлік филиалдарының ағымдағы қызметі талқыланды.

Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев комиссия жұмысын ұйымдастыру кезеңі аяқталып, еліміздің түрлі архивтерінде ғалымдардың және сарапшылардың белсенді зерттеу жұмыстары басталғанын атап өтті.

Мемлекеттік комиссияның қызметін қамтамасыз ету үшін арнайы Жобалық офис құрылған, оның құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.

Мемлекеттік комиссия қызметінің барлық бағыттарын жан-жақты қамту үшін 11 жұмыс тобы құрылды. Әр топ өз қызметін қуғын-сүргін құрбандарының санатына сәйкес тақырыптық жоспарлар мен белгілі бір әдістемелер аясында жүзеге асырады.

Мемлекеттік комиссияның жүйелі жұмысын ұйымдастыру үшін еліміздің барлық аймақтарында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Оларды өңірлер әкімдерінің орынбасарлары басқарады, құрамында ғалымдар, көрнекті қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері бар.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәжіліс барысында жұмыс топтарының барлық мүшелері жабық және арнайы архивтерде жұмыс істеуге рұқсат алғанын атап өтті. Ведомство басшысы бұл жұмысқа тартылған ғалымдар жалақысы мен барлық әлеуметтік төлемдері сақтала отырып, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарындағы негізгі жұмыстарынан уақытша босатылғанын да айтты.


Соңғы жаңалықтар