Саясаттану мамандығын диплом үшін оқып жүргендер бар - Айдос Сарым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстанның заманауи саясаттану ғылымын дамыту жолдары мен саясаттану мамандығын оқытудағы басты мәселелерді айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда саясаттанушылардың бірнеше ұйымы жұмыс істеді, олардың атқаратын функциялары әртүрлі болды. Саясаттану қауымдастығының халықаралық ұйымдарда беделге ие субъектке айналып, кәсіби стандарттар шешімін шығару үшін оларға бірігу қажет. Шешім қабылдау процесіне ықпал ете алатын бірыңғай күшті ұйым құру керек», - деді Айдос Сарым елордада өткен Қазақстан саясаттанушыларының Конгресінде.

Оның айтуынша, саяси транзит пен жуырда өтетін сайлау мықты саяси білімді талап етеді, сондықтан да елімізге, әсіресе өңірлерге сапалы сарапшылар қажет.

«Қоғам ашылған сайын ырықтандыру мен реформалар процесі жалғаса береді. Осыған байланысты, әлемдік тәжірибеден хабары бар сарапшылардың, саясаттанушылардың пікірлері қажет-ақ. Әсіресе өңірлерде біздің әріптестерімізге сұраныс жоқ, олар шешім қабылдау процесіне қатыспайды. Ал егер белсенді саяси бәсеке болса, саяси сараптама мен саяси бағдарламалар әзірлеу қажет болады, облыстарда балама жобалар болуы тиіс. Бұл үшін ұйымдастыру жұмыстарын күшейту қажет», - деп есептейді Айдос Сарым.

Сонымен бірге, ол саясаттану мамандығында оқып жатқан қазіргі қазақстандық студенттердің қаншалықты сұранысқа ие екеніне баға берді.

«Көптеген жоғарғы оқу орындарындағы жағдайды білемін. Студенттердің басым бөлігі саясаттану мамандығы бойынша оқу бітіреді де, өз мамандығымен жұмыс істемейді. Кейбірі шенеунік болады, кейбірі бизнеске кетеді. Яғни, олар диплом үшін ғана оқып жүрген сияқты. Мен үшін бұл жағдай өте ауыр, себебі бұл оқуға мемлекеттің немесе ата-ананың қаражаты кетті. Саясаттану мамандығы өте қызық, ел ішінде және халықаралық тәжірибелер жетерлік», - деді саясаттанушы.

Одан бөлек, А. Сарым саясаттану кафедраларын қысқарту немесе басқа пәндермен біріктіру үрдісі бар екенін атап өтті.

«Өкінішке қарай, мұндай мәселе бар, тіпті философия, тарих сынды ауқымды пәндер де қысқартуға түсті. Әрине, мемлекет инженерлер мен дәрігерлерге мұқтаж шығар. Бірақ, олар философия мен гуманитарлық пәндерді қатар меңгерсе, олардың сапасы артады. Бұл - аксиома, оны біз ойлап тапқан жоқпыз. Біздің қауымдастық ҚР Білім және ғылым министрлігіне, жоғарғы оқу орындарына шығып, дәл осы пәндердің сағатын көбейтуді талап етуі керек», - деді Айдос Сарым.

Соңғы жаңалықтар