Саясат Нұрбек: Пандемияның білім саласына әсерін «үрейлі түс» секілді ұмыта салу мүмкін емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемия білім саласына қалай әсер етті? Онлайн оқыту елімізде жеткілікті дәрежеде ретке келді ме? BTS Digital білім жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек осы сұрақтарға жауап берді. Сарапшының пікіріне құлақ ассақ, коронавирус пандемиясының білім саласына әсерін «үрейлі түс» секілді ұмыта сала алмаймыз. «Тек бір амал бар – ол жаңа жағдайға бейімделу» дейді сарапшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, пандемия басталғаннан кейін әлемдегі барлық мемлекет мектептерді онлайн оқытуға ауыстыра бастады. Меніңше, пандемия жарияланған 193 мемлекеттің бірде-бірі осынау жаңашыл тәртіпке дайын болған жоқ. Қазақстан да туындаған мәселеден айналып өтпеді. Атап айтқанда, жылдар бойы қордаланып келе жатқан инфрақұрылымдық, кадрлық, ұйымдастырушылық, басқарушылық проблемалардың бетін пандемия ашып берді. Оның салдарын Еуропаның дамыған мемлекеттері еңсере алмады десек те, осы ретте біз таңғаларлық кейсті Қытайдан көрдік. Есептеп көріңіз, статистикаға сенсек ол мемлекетте 180 миллион оқушы бар. Олардың бәрі де аз уақыттың ішінде ғана онлайн оқытудың қажетті құралдарымен қамтамасыз етілді. Әлбетте бұл жылдам бейімделу процесіне Қытайдың басқару моделі де әсер еткенін атап өту керек», - деді Саясат Нұрбек онлайн режимде «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Жастар және инновациялар» форумында.

Оның айтуынша, Қытайдағы ІТ саласындағы үздік мамандар мен Хуавей секілді ірі компаниялар, жүз мыңдаған инженер бірден күш біріктіріп, елге келген тегеурінді еңсере білген. Осылайша ресурстарды үйлестіре білу қабілеті мен басқару моделінің ерекшелігі Қытайға қашықтан оқыту ісін ретке келтіруге көмектескен.

«Өкінішке қарай дамыған мемлекеттердің өзі де бұл ауқымды жұмысты олай атқара алмады. Осы ретте біз мынадай ақиқатпен бетпе-бет келеміз: қазіргі жаһандық коммуникациялық инфрақұрылым, яғни мәліметтер тарату желілері пандемиядан келген жүктемені көтере алмады. Ұлттық инфрақұрылымдық жүйелер де, мәліметтерді таратудың алып базалары да сол», - деді ол.

Саясат Нұрбектің сөзіне сенсек, ІТ саласының осынау қауқарсыздау күйі осы салаға салынатын инвестицияның көлемін едәуір арттырған. Осыны сезген Илон Маск «біз әлі 2D деңгейінде ойланып жүрміз, даму керек» деп ІТ саланың инвестициялық тартымдылығын арттыра түскен.

«Пандемия жарық түсірген тағы бір өткір проблема – әлбетте кадр мәселесі. Кенеттен әлемнің бүкіл мұғалімдері жаңаша дағдылар мен талаптарды, цифрлық сауаттылықты меңгеруге міндетті болды. Ойланып қарасаңыз, пандемиядан алты ай бұрын ғана мұғалімдердің бұл талаптарды меңгеруі керектігі үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Елестетіп көріңіз, мұғалімдерді бір сәтте ғана қашықтан оқыту форматына «лақтыра салдық». Оқу процесін ұйымдастырудан бөлек қазір оларға қойылатын талаптар арта түсті», - деді ол.

Саясат Нұрбек пандемияның білім саласында туындатқан үшінші проблемасы – халықтың өзінің оған дайын болмауы екенін айтады.

«Мәселен біздің елімізде отбасылар мектеп оқитын балаларына жеке бөлмені кабинет ретінде жасақтап, оларды қажетті техникалық құралдармен, интернетпен қамтуға мәжбүр. Ал көпбалалы отбасылар бұған қаншалықты қол жеткізе алды? Яғни отбасыларға қойылған бұл талаптардан бөлек, оқытушылармен қатар оқушыларға да цифрлық сауаттылық міндетке айналды. Яғни цифрлық сауаттылық мәселесі бұл күнде бүкіл халықтың алдында тұр», - деді Саясат Нұрбек.

Сарапшы пандемия туындатқан үш мәселені айта келе Қазақстанда қашықтан оқытудың дұрыс жүйесі бірден жойыла қойыла кетпегенін айтады. Оның пікірінше елдегі онлайн оқытуды жолға қояр уақытта отандық мамандардың бүкіл әлеуетіне пайдаланылмай, басымдықтар ескерілмей қалған.

«Осы мәселеге байланысты халық тарапынан да, оқушылар мен оқытушылар тарапынан да туындап жатқан наразылықтардың толқыны өкінішке қарай онлайн оқытуға деген жағымсыз пікірді қалыптастырды. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігіне Дүниежүзілік банк тезірек офлайн оқуға қайтуға кеңес беріп отыр. Бірақ онлайн оқытудың мәселелерін шетке ысырып, пандемияның бұл салдарын бір рет көрген «үрейлі түс» секілді қабылдай алмаймыз. Шынтуайтында бұл салдарды үрейлі түс секілді ұмыта салу енді мүмкін емес. Пандемия цифрлық қоғам моделіне көшу процесін бастап берді. Әлбетте біз мұнымен өмір сүретіндіктен осы реалиге бейімделуіміз керек», - деген сарапшы қашықтан оқытудың артықшылықтарын да атап өтті.

Саясат Нұрбектің сөзіне сенсек, кез келген білім процесінде негізгі үш компонент, яғни үш қатысушы бар. Олар: оқушы, мұғалім және ата-ана. Бұл ретте ата-ана оқушының базалық білім функцясын қалыптастырып, баланы жетілдіріп, қажетті ресурстармен қамтамасыз етеді. Сөзсіз, оқу процесіндегі ата-ананың рөлі – ең маңызды екенін атап өту керек.

«Өзім де ата-анамын. Амалсыз қазір балаларымыздың білім алу процесінің күрделілігін өзіміз де сезіп, біліп отырмыз. Ұйымдастырушылық ньюанстар, басқарушылық қыр-сыр дейсіз бе – «білеміз» деген біздің өзіміз қазір балаларымыздың жанында басымызды қасып отыратын болдық. Яғни, балаларға деген ата-ана назары пандемияға дейінгі кезеңге қарағанда едәуір көп. Бұрын ата-аналар балаларын мектепке жібере салатын. Ол жақта бала оқып жүр ме, тоқып жүр ме – екінші санаттағы мәселе еді. Қазір олай емес. Міне, ата-аналардың балаларының біліміне деген назарының артуы байқалады. Осы назарды жоғалтпау керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар