Сауда министрі Ұлттық тауар өткізу жүйесі туралы түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жұмыстары туралы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі нарықты сапалы тауарлармен толықтыру мақсатында отандық тауар өндірушілерге қолайлы жағдай туғызу үшін Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бағытында жұмыс жүргізілуде. Ол азық-түлік тізбегінің шығындарын азайту, бағаларды тұрақтандыру, сауда инфрақұрылымын дамыту және экспорт арналарын құру шараларын кешенді түрде іске асыруға мүмкіндік береді», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, тауарларды таратудың жаңа жүйелі инфрақұрылымы Еуразиялық азық-түлік хабының басты инфрақұрылымына айналады. Бұл - Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттердің бірі.

«Ұлттық тауар өткізу жүйесі фермерлер, олардың өнімін көтерме сатып алушылар, тасымалдаушылар, сатушылар мен тұтынушылар кластерлерін біріктіру үшін зәкірлік инфрақұрылым ретінде әрекет етеді. Ұсынылып отырған жүйенің өзегі үш түрдегі көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай желісі болады», - деді Сұлтанов.

Бірінші. Сақтау көтерме-тарату орталықтары – бұл тағам өндіру аймақтарында фермерлердің өнімдерін қабылдау, сақтау және бастапқы пысықтау, яғни жуу, калибрлеу, буып-түю сияқты жұмыстар бойынша және оларды кейіннен өткізу үшін қызметтерді көрсетеді.

Екінші түрі – Сауда көтерме-тарату орталықтары. Олар облыс орталықтары мен ірі шаһарлардың маңында орналасатын болады.

Олардың функциялары – фермерлерге, көтерме трейдерлерге және дистрибьюторларға, сондай-ақ сауда желілері, дүкендер мен базарлар, қоғамдық тамақтандыру сияқты сатып алушыларға өнімді өткізу үшін сауда инфрақұрылымына еркін қол жеткізу, өткізу кезеңінде уақытша сақтау, пысықтау және басқа да ілеспе қызметтер.

Үшінші түрі – Тарату орталықтары қалалар шегінде немесе қала маңында орналасады. Олардың мақсаты – сауда объектілерінің мұқтаждықтары үшін отандық тауар өндірушілердің өнімдері мен импорттық тауарлардың көтерме партияларын уақытша сақтау және қайта тиеу бойынша логистикалық қызметтерді көрсету.

«Осылайша, Ұлттық тауар өткізу жүйесі өндірушілердің өткізу нарықтарына «алқаптан» «сөреге» дейін, ал тұтынушыларға сапалы өніммен еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Көтерме-тарату орталықтарының осындай үш түрлі объектілері өнімді сақтау және қайта тарату бойынша қызметтердің толық кешенін көрсететін болады», - деп нақтылады министр.


Соңғы жаңалықтар