Сауд Арабиясының 30-дан астам компаниясы Қазақстанға инвестиция салады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сауд Арабиясының 30-дан астам компаниясы Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Қазақстан-Сауд Арабиясы инвестициялық бизнес форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан-Сауд Арабиясы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысына қатысу үшін елордаға инвестициялар министрі Халид А. әл-Фалих бастаған Сауд Арабиясы Корольдігінің делегациясы келді.

Шараға екі елдің іскер топтары мен бизнесінің 170-тен астам өкілі келді.

ҚР Сыртқы істер Министрінің орынбасары Алмас Айдаров Саудия нарығының Қазақстанмен іскерлік байланыстар мен сауда-экономикалық қатынастарды нығайтудағы зор маңызын, «Saudi Vision 2030» ұлттық бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан мен Сауд Арабиясының инвестициялық ынтымақтастығын кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтті.

«Сауд Арабиясы кәсіпкерлікті дамыту, экономиканы әртараптандыру және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру бойынша әлемнің көптеген елдері үшін табысты модельге айналды. Біз «Saudi Vision 2030» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырудың табысы мен тиімді нәтижелерін көретінімізге қуаныштымыз. Ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, ТКМК, ЖЭК, қаржы және басқа да экономика салаларында ынтымақтастығымызды одан әрі дамыту үшін үлкен әлеуетіміз бар деп санаймын», - деді Алмас Айдаров.

Сондай-ақ, Сауд Арабиясының 30-дан астам компаниясы Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндігін қарастыратыны хабарланды. Форум шеңберінде қазақстандық тараптан «KAZAKH INVEST», «KIDF», «АХҚО», «QazTrade» және «Kazakh Tourism» басшылары және Сауд Арабиясы инвестициялар министрлігі мен «NCPP» басшысы спикер ретінде сөз сөйледі.

Өз сөзінде «KAZAKH INVEST ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов саудиялық серіктестерге Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырды, форум қатысушыларын инвестиция тартудың мемлекеттік жүйесінде қолданылатын жаңа тәсілдемелермен таныстырды, сондай-ақ екі елдің қарым-қатынасын тереңдетудің маңызын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Сауд Арабиясынан Қазақстанға келетін инвестицияның жалпы көлемі 100 миллион АҚШ долларынан асады. Алайда, бұл көрсеткіш біздің елдеріміздің әлеуетін толық көрсете алмайды. Осы мақсатта KAZAKH INVEST Қазақстан мен САК бизнесінің инвестициялық ынтымақтастығын нығайту бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуде. Мысалы, ҚР Сауд Арабиясындағы елшілігімен бірлесіп, Джидда сауда-өнеркәсіп палаталары мен Әл-Кассим провинциясының қолдауымен және NCPP-мен бірлесіп, сауда, экономика және инвестициялар саласындағы Қазақстан-Сауд Арабиясы ынтымақтастығына арналған бірқатар шара өткізілді. Бұл бізге бизнес үшін барынша қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша бірлескен іс-қимылдарды одан әрі үйлестіру үшін іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Мейіржан Юсупов.

Сонымен бірге форумда KAZAKH INVEST қолдауымен Сауд Арабиясы Корольдігінің инвестициялар министрі Халид әл-Фалих ҚР Ауыл шаруашылығы министрі және ҚР Энергетика министрімен, сондай-ақ «Қазатомпром» ҰАК» АҚ, «KAZ Minerals» және басқа органдардың басшылығымен кездесті.


Соңғы жаңалықтар