Сатыбалды Нарымбетов: Президент көкейде жүрген дүниелерді дөп басып айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көкейде жүрген дүниелер дөп басып айтылған. Мұндай пікірдібелгілі кинорежиссер, киносценарийші, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мақаладағы тұшымды ойларды ел басқарып отырған азаматтың айтуы – бізге үлкен демеу. Бұл мәселелерді қоғам белсенділері де көтеріп жүр. Дегенмен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды тақырыптарға тоқталып, көкейде жүрген дүниелерді дөп басып айтты. Әсіресе, өзім талай жылдар еңбек еткен кино саласына қатысты өте жақсы бастама көтерілді. Біз тарихи туындыларды қолға алсақ, көпшілігі «Неге үнемі тарихи кинолар түсіре береміз?» деп наразылық танытады. Керісінше Голливуд сияқты боевик фильмдерді көптеп түсіруімізді сұрайды.

Біз осыдан 30 жыл бұрын Тәуелсіздік алып, ел болып, іргетасымыз қаланды. Бұл аса көп уақыт емес. Қазір қоғамда өзін-өзі тану үрдісі жүріп жатыр. Яғни, бұл – тарихи деректер негізінде өзімізді танып, осының арқасында жастарды тәрбиелеу процесі.

Менің студент кезімде «Қазақстан тарихы» деген шағын қоңыр кітап болатын. Оған тек 1917 жылдан бергі қазақ халқының бастан өткерген саяси-әлеуметтік оқиғалары топтастырылған. Ал біздің ұлттың тарихы тереңнен бастау алады. Дегенмен оның біразы ұмытылды. Сондықтан ұлт тәрбиесі жолында маңызды рөл атқаратын кино өнері арқылы осы бұрмаланған тарихты қайта қалпына келтіруіміз қажет. Осының негізінде жастарға дұрыс бағыт көрсете аламыз», - деді Сатыбалды Нарымбетов.

Кинорежиссёрдің пікірінше, жыл сайын кемінде бір тарихи фильм түсірілуі қажет. Осы мақсатта «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» сарапшылар кеңесі таяуда бас қосып, тарихи киноларға басымдық беру мәселесін талқылауды жоспарлап отыр.

«Тарихи фильмдерге көбірек қаражат бөлуге тырысуымыз керек. Мәселен, Л.Н.Гумилев сияқты атақты тарихшылар қазақ даласына саяхат жасап, ұлтымыздың тарихын дәйекті деректер келтіре отырып жазып кетті. Оны Гумилев қазақтарға жағыну үшін емес, жастар осының негізінде шынайы тарихты оқысын деген ниетте жасаған. Ал біз қазіргі таңда бар дүниені көрсете алмай отырмыз. Сондықтан Президенттің бұл бағытқа баса назар аударуы орынды және кино саласына серпіліс бермек», - деп атап өтті ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Сондай-ақ Сатыбалды Нарымбетов соңғы уақыттарда қазақ халқының тарихы туралы фильм түсіруге ниет білдірген шетелдік кинокомпаниялардың қатары артқанын атап өтті. Алайда шетелдік кино саласының мамандары түсірілім үшін қомақты қаржы талап етеді.


Соңғы жаңалықтар