Сатыбалды Нарымбетов: Болашағымыз жарқын болуы үшін тарих парақтарын жиі ақтару керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласында тарихи тақырыптағы фильмдерді қолдау мәселесі қозғалды. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтың пікірінше, мұндай фильмдер заманауи Қазақстанның одан әрі дамуы үшін қажет, сондай-ақ болашақ өскелең ұрпақ үшін, тіпті әрқайсымыз үшін маңызды рөл атқарады.

«2008 жылы мен Мұстафа Шоқай туралы тарихи фильмді түсіргенімде, тұсаукесерден кейін көрермендердің жылы лебізіне бөлендік. Сол кезде мен тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық өзін-өзі анықтау процесі басталғанын түсіндім. Бала кезімізде, мектепте Қазақ КСР тарихын оқитынбыз, сол кезде қазақ халқы 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін пайда болғандай сезінетінбіз. Ал оған дейін ұлтымыздың қайда тұрғаны, қайдан келгені белгісіз, мүмкін парашютпен ұшып келіп сол аумақта қалып қойған шығармыз? Кейіннен КОКП тарихын, ежелгі әлем тарихын оқыдық, ал өз тарихымызды білмедік және оған назар аудармадық. Кейін, мен Мұстафа Шоқай туралы материалдарды зерттеп жүріп, өз тарихымызға үлкен қызығушылық таныта бастадым. 1948 жылы Мәскеуде Кенесары хан және ол өмір сүрген уақыт туралы докторлық диссертация қорғаған Ермұхан Бекмаханов туралы білдім. Уақыт өте келе, мұның бәрі пікірталасқа айналып, ақыры Бекмахановқа қарсы сот процесі жүргізіліп, оны Сібірге 25 жылға жіберді. Ол 1917 жылға дейін біз өз жерлерімізде өмір сүріп қана қоймай, тәуелсіздігімізді қорғағанымызды жазуға батылы жеткені белгілі болды, түсінесіз бе, бұл тарихтағы қандай шатақ жағдай. Мұстафа Шоқайдан кейін мен біздің ұрпақ өз тарихы туралы тағы біраз нәрсе білетінін түсіндім. Бірақ жас ұрпақ оны түсінбейді. Сондықтан, болашағымыз үшін, балаларымыз бен немерелеріміз үшін өткеннің парақтарын жиі ақтаруымыз қажет. Қазақта «жеті атасын білмеген жетесіз» дейтін көнеден қалған сөз бар. Жеті атамызды тану үшін өткенге оралу қажет. Болашақты тану үшін өткеннен бастау қажет – кім болғанымызды біліп және кімге айналғанымызды көру керек», - дейді режиссер С. Нарымбетов.

Оның пайымынша, қазіргі жаңа ұрпақ, өкінішке қарай, басқа ұлттың тарихынан, Голливуд фильмдерінен тәрбие-тәлім алып жатыр. Мәселен, оның пікірінше, бүгінгі жастар америкалануда, ал Құрама Штаттардың тамыры тереңге жайылатын, ғасырларға созылатындай тарихы жоқ, қазақтарға қарағанда олар тым жас халық. Америкалықтар, Джек Лондонның кейіпкерлері және олар Жабайы Батысты (үндістердің жерлері) игерген кезде қазақтың өз аумағы, өз жері болды.

«Сондықтан, біздің Президентіміз ғасырлар бойғы шаң басып кеткен ұлтымыздың автопортретін қазып алып, қалпына келтіру керектігін айтады! Ол үшін көп күш жұмсап, әрқайсымыздың, кім болсақ та, шынайы ниетімізді білдіруіміз керек. Бұл біздің қасиетті парызымыз. Біріншіден, бұл тарихшылардың, суретшілердің және әсіресе кинематографистердің парызы. Мені «тағы да тарихи фильмдер ме», «бізде кадрлар жоқ» деген секілді тек сенімсіз пікірлер мазалайды. Қазақ киносына деген сенімсіздік тағы да байқалады. Бірақ, бізде көптеген дарынды жастар бар, олар карантин кезінде де лайықты сыйлықтарға ие болды. Неліктен біз оларға отандық кинопрокат арқылы қолдау көрсетпейміз?» дейді С. Нарымбетов.

Ол сондай-ақ, қазақ көрерменіне отандық туындылар мүлдем көрсетілмейтінін алға тартып, сондықтан кинотеатрлар голливудтық өнімнен гөрі отандық фильмдерді көбірек көрсетуі үшін отандық кинопрокатты қайтару керектігін айтады. Прокатты қазақ киносына бағыттау үшін үлкен күш жұмсау керек.

«Өз елімізде шетелдік фильмдерді прокаттау арқылы біз көрермендердің санасына бөтен идеологияны өз еркімізбен енгізіп жатқанымызды және тіпті олардың фильмдеріне субсидия бөліп отырғанымызды бәрі бірдей түсіне бермейді. Ал бұл біздің жас мемлекетіміз үшін қауіпті. Голливудтық экшн-фильмдер, еуропалық фильмдер, авангард көрсетіле берсін, бірақ басты назар біздің отандық кино өнімдеріне аударылсын. Прокатты қайтарып, жылына кемінде бір тарихи фильм шығарып, оны үлкен экранда көрсету қажет. «Қазақ елі» лайықты фильм емес пе? Өте жоғары дәрежеде жасалған. Ал оған неге сенімсіздікпен қараймыз? Міне, осындай сенімсіздік біздің тарихи кадрларға, «Көшпенділер» фильміне шетелдіктерді жұмылдыруға итермеледі. Ол кезде біздің кино түсіруге әбден лайықты үміткерлеріміз бар еді – Тимур Бекмамбетов, сосын Абай Қарпықов, Ардақ Әмірқұлов, бірақ оларға ешкім тіпті бет бұрған жоқ. Бізде әрдайым «бөтен бақшадағы жеміс тәттірек» деген психологиялық фактор қосыла кетеді. Біздің бақтың да жемістері тәтті, тек дәмін татып көру керек», - деп түйіндейді режиссер С. Нарымбетов.


Соңғы жаңалықтар