Сатушылар заңбұзушылықтарды өз еркімен жоймаса, жауапкершілікке тартылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұтынушылар шағымын қараудың үш деңгейлі механизмі енгізіледі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері көзделген заң жобасын таныстырған ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы 7 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 кодекс пен 4 заңға 200-ге жуық түзетулерді енгізуді көздейді. Олардың негізгі бағыттары: біріншіден, халыққа тұтынушылар құқығын қорғаудың тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру; екіншіден, уәкілетті органның, оның ішінде тиісті салаларда тұтынушылар құқығын қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі рөлін күшейту; үшіншіден, үкіметтік емес ұйымдарды институционалдық күшейтуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың көп деңгейлі жүйесіне белсенді тартуға, сондай-ақ оларды қолдау», - деді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған министр.

Оның атап өтуінше, заң жобасымен шағымдарды қараудың үш деңгейлі механизмі енгізіледі. I деңгейде сатушының шағымды өз еркімен немесе дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері арқылы қарау көзделеді. Аталған механизмді заңнамалық бекітудің негізгі мақсаты - бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, моральдық және материалдық залалды «қазір және осында» принципі бойынша қысқа уақытта аз шығынмен өтеу. Бұл ретте тұтынушының қалауымен дау сотқа дейін реттеу аясында шешіледі.

«II деңгейде шағымдар уәкілетті органға жіберіледі. Сатушылар бұзушылықтарды өз еркімен жоюдан бас тартқан жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. III деңгей – сотқа шағым беру. Сотқа дейінгі реттеу институтының енгізілгенін ескере отырып, соттар тұтынушы мен сатушы арасында өзара тиімді келісімі жоқ дауларды қарайды. Үш деңгейлі механизмді рет-ретімен қолдану сот органдарына түсетін жүктемені төмендетуге алып келеді деп ойлаймыз», - деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар