Сәтбаев қаласындағы Есқұла суағарын қалыпқа келтіру қашан аяқталады

None
None
СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат – Сәтбаев қаласында биыл Есқұла суағарын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталады. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қалаға жұмыс сапары барысында құрылыстың қандай сатысында екенін тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаражаттың жетіспеуіне байланысты жоба бірнеше жыл бойы кейінге қалдырылған еді. Қазір құрылыстың соңғы кезеңі жүріп жатыр.

«Екі резервуар, сорғы станциясы, хлоратор станциясы салынады. Нысанның іске қосылуы Сәтбаев пен Жезқазған тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз етеді.

Біздің басты мақсатымыз – Жезқазғанға дейін су жеткізу», - деді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Қала үшін тағы бір маңызды нысан – қосымша кәріз коллекторындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа шағын аудандардың пайда болуына байланысты қазіргі коллектор жүктемеге төтеп бере алмайды. № 8 шағынауданнан тазарту құрылыстарына дейін сарқынды суларды бұру бойынша сегізінші құбыр желісін салу туралы шешім қабылданды. Бұл жоба Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек 16 пәтерлі төрт қабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Мұнда мемлекеттік қордағы пәтерлерге кезекте тұрған қала

тұрғындары үй алады. Әзірге екі қабаты тұрғызылды, бірақ құрылысшылар биылғы жылдың күзінде қоныс тойын тойлауға болады деп уәде беріп отыр.

Сонымен қатар, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен Сәтбаевта тағы үш үйдің құрылысы жүргізілуде. Қалалық әкімдік онда көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтар үшін 15 пәтер сатып алады. Сондай-ақ 320 орындық балабақша салынуда. Қазір төбесін жабу мен әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Облыс әкімі қаладағы жолдардың жөнделуін де тексерді. Абаттандыру барысында биыл 75 аулаға асфальт төселіп, 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұрынғы «Юность» стадионы да қайта жаңғыртылады. Қазір мұнда геодезиялық жұмыстар

жүргізілуде. Бұл спорт ғимаратында жеңіл атлетика орталығын ашу жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар