«Сарыарқа» арқылы СҚО-ға газ тартудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы Солтүстік Қазақстан облысына газ тартудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Газбен жабдықтаудың баламалы нұсқасы – «Сарыарқа» магистральдық газ құбырынан газ жеткізу. Қазіргі таңда Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы газдандырудың техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізілді. Мемлекеттік сараптаманы маусым айында аламыз деп отырмыз», - деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Болат Ақшолақовтың сөзіне қарағанда, Шығыс Қазақстан облысы мен солтүстік өңірлерді газдандырудың оңтайлы нұсқасы бірнеше критерийге негізделмек. Олар:

- газдандырудың сенімділігі, тұрақтылығы және тұтынушылар үшін газдың барынша қолайлы бағасы;

- ресурстық базаның болуы;

- әлеуметтік-экономикалық әсерге барынша қол жеткізу;

- әлемдегі ахуалды ескере отырып, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

«Газбен жабдықтау объектілерінің негізгі бөлігін жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражаты есебінен мердігер ұйымдармен шартқа қол қою арқылы салынады. Осыдан кейін «ҚазақГазға» одан әрі пайдалану үшін берілуі қажет», - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі Ресейден газ тарту үшін шекаралас облыстардың қажеттіліктерін зерттеп жатқандарын хабарлаған еді.



Соңғы жаңалықтар