Сарыағашта науқастың өліміне себепші болған кардиолог дәрігер сотталды

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат - Түркістан облысында тергеушілер науқасты емдеуде өрескел қателікке жол берген дәрігердің ісін дәлелдеп шықты. Дәрігердің салғырттығынан науқас азамат жансақтау бөлімінде көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметіне сенсек, 2019 жылы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ағасының өліміне дәрігердің кінәлі екендігін айтады.

Аталған жайтты полицейлер Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша бірден тіркеуге алып, тексеруді бастайды. Істің күрделілігі ескеріліп, аудандық полиция бөлімінен облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының өндірісіне, яғни ондағы тәжірибелі маман Алтынай Жолымбековаға жүктеледі.

«Бұл жайтты толығымен ашып, науқастың өліміне ненің және кімнің себеп болғанын анықтау оңайға соқпады. Себебі таразының бір жағында қайтыс болған ер азаматтың жақындары, бір жағында дәрігердің өмірі тұрды. Олардың жақындары тергеудің нәтижесін асыға күтті. Оқиға барысын айта кетейін, 2019 жылдың қыркүйегінде қалалық ауруханаға науқастанған ер азаматты жедел жәрдем жеткізген. Қабылдау бөліміне түскен тұрғынды қараған дәрігер оған ем қабылдауға рұқсат береді. Және медбикеге нұсқау бойынша науқасқа тамырдан ине салуды тапсырады. Тиісті емнен соң өзін жақсы сезінгендей болған науқас үйіне қайтады. Алайда бірнеше сағаттан соң ол үйінде дастархан басында отырып, өзін жайсыз сезініп, қайтадан ауруханаға жеткізіледі. Бұл жолы науқас жансақтау бөліміне түсті. Ол жерде есін жимастан қайтыс болды» дейді Алтынай Жолымбекова.

Сараптамалар тағайындалды. Оған қоса сарапшы мамандардың қорытынды шығаруына біраз уақыт керек болды.

«Куәгерлермен сөйлестім, жауап алдым. Қажетті деген барлық шараларды жүргіздім. Бірнеше ай ішінде айғақты заттарды бөлшектерден құрастырып, жинақтадым. Нәтижесінде істі айыптау актісімен бірге сотқа жолдадым» деп атап өтті аға тергеуші.

Осы жылдың күзінде сот шешімімен дәрігерге 1 жыл 6 ай мерзімге дейін медицина саласында қызметпен айналысу құқығы шектеле отырып, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«Соңғы 10 жылда Түркістан облысы тергеу басқармасының тарихында мұндай жайт кездеспеген еді» деп қорытындылады сөзін полиция майоры Алтынай.


Соңғы жаңалықтар