Сарыағаш тұрғыны учаскелік инспекторға пышақ салған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жергілікті тұрғын учаскелік инспекторды пышақтаған. Полиция капитаны Асқар Уәлиев есірткі бойынша күдікті деп танылған сезіктіні сотқа дейінгі тергеуге шақырмақ болған кезінде жарақаттанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Сарыағаш полицейлері арнайы рейд кезінде күдік тудырған жаяу жүргіншінің құжаттарын тексерген.

Одан есірткі заты табылып, бұл заттың «кептірілген марихуана» екені анықталған.

Осыдан соң күдіктіге қатысты ҚР ҚК 296-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.

Кезекті жауап алу барысында күдікті асхана пышағын алып, күтпеген жерден полицейдің аяғына сұғып алады. Содан соң оқиға орнынан қашып кетеді.

Оқиғаға куә болған адамдар тез арада жедел жәрдем көлігін шақыртқан.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары бірден күдіктінің ізіне түсіп, оны өз үйінен ұстады. Айғақты зат ретінде асхана пышағы алынып, сезікті уақытша тергеу абақтысына қамалды.

«Қазіргі таңда ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 296-бабымен бірге ҚР ҚК 380-1-бабы 1 бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал, өз міндетін атқару барысында оң аяғынан жарақат алған учаскелік полицей Асқар Уәлиев емханада. Оған қажетті көмек көрсетіліп, өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ« делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар