Сарайшық туристік нысандар қатарына кіруі керек - Мәжіліс депутаты Бейбіт Баймағамбетұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жоғары оқу орындарында археологиялық мамандықты күшейту керек. Мықты археолог маман дайындау үшін қысқа мерзімді археологиялық практика тым аз. Бұл туралы елордада өткен «Сарайшық - Ұлы дала мұрағаты: мемлекеттік және тарихи сабақтастық» атты дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін мәдени мұрамызды сақтау және насихаттау мәселесі көтеріліп отыр. Осы шарада айтылатын ұсыныстарды жүйелеп, нақты жұмыс істеуге дайынбыз. Осы орайда «Алтын Орда ғасырына арнайы мемлекеттік ғылыми-зерттеу конкурстарын жариялау керек« деген ұсыныс айтылып отыр. Соңғы екі жыл бойы жылдық бюджеттен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына 3 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін қаражат бар деп ойлаңыздар», - деді өз сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейбіт Баймағамбетұлы.


Ол былтыр жыл соңында тарихи-мәдени мұраны сақтау туралы заң қабылданғанын атап өтті.

«Ол заңмен бәріңіз таныстыңыздар деп ойлаймын. Енді нормативтік-құқықтық құжаттар дайындау, заңды жүзеге асыру жұмыстары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолында. Тарихи, мәдени мұрамызды сақтау үшін елімізде экспедиция өткізген дұрыс. Көне жолдар, жайылымдар, жайлау, қыстаулар тұрған жерлерде тарихымыз бар», - дейді ол.

Сондай-ақ, депутат туризмді дамыту бағытында он аймаққа басымдық берілгенін, оның ішінде Сарайшық жоқ екенін айтты.

«Негізінде Сарайшық туристік нысандар қатарына кіруі керек еді. Ең алдымен жоғары оқу орындарында археологиялық мамандықты күшейту керек. Мықты археолог маман дайындау үшін қысқа мерзімді археологиялық практика тым аз», - дейді Бейбіт Баймағамбетұлы.

Шара Алтын Орданың 750 жылдығы, Қасым ханның туғанына 575 жыл, Қазақ хандығының 555 жылдығына орай өтті.


Соңғы жаңалықтар