Сарапшы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруге қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Анар Жарова сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдың өзінде ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістердің үш топтамасы әзірленді, олардың екеуі бүгінгі күні іске асырылды. Біріншісі өткен жылдың соңында қабылданды, онда бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі туралы нормалар енгізілді. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы қалпына келтірілді, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді», - деді А. Жарова деді онлайн брифингіде.

Оның айтуынша, барлық осы механизмдер өздерін тиімді алдын алу құралдары ретінде көрсетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалардың екінші пакеті биылғы 6 қазандағы заңмен қабылданды. Онда сыйлықтарды сыйға тартуға және алуға толық тыйым салу, жақын туыстарының бірлескен жұмысын шектеу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер күшейтілді. Мұндағы шаралардың маңызды блогы квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін құқықтық реттеуге бағытталған.

«Осылайша, заңнамалық шаралардың үшінші пакетін кеше ғана Парламент Сенаты екі оқылымда қабылдады және Президенттің биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру үшін жүргізілуде. Әзірленген түзетулер сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған», - деді төраға кеңесшісі.

Оның сөзіне қарағанда, іске асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа халықтың пікірі маңызды бастама болды.

Еске сала кетейік, 10 желтоқсанда Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар (мәслихаттар депутаттарын қоспағанда) мен лауазымды тұлғалар үшін шетелдік банктердегі шоттарға иелік етуі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізу көзделген.


Соңғы жаңалықтар