Сарапшы мұнай бағасына қатысты: Үкіметтің кешенді шаралары бар, үрей мен қорқынышқа негіз жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер мен болжамдар орталығының директорының міндетін атқарушы Қуаныш Бейсенғазин мұндайдың әлемдік бағасының құлдырауы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнайдың бағасы кеше 30 долларға дейін төмендеп, бүгін 36 долларға қайта көтерілді. Бұл жағдайды қысқамерзімді құлдырау деп санаймыз. Себебі, бұл құлдыраудың артында ешқандай макроэкономикалық немесе дағдарыстық жағдай емес, ОПЕК+ аясындағы Сауд Арабиясы мен Ресейдің келіспеушіліктері тұр. ОПЕК+ құрамындағы және оған кірмейтін елдер арнайы уағдаластықпен осы жылы мұнай өндірісін азайтуы қажет еді. Жоғарыда атап өткендей, бұл құлдырауды қысқамерзімді деп санаймыз. Себебі мұнайдың төмен бағасы не Ресейге, не Сауд Арабиясына тиімді емес. Сол себепті, жақын арада бұл мәселе бойынша бір мәмілеге келеді деп ойлаймыз», - деді сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне берген жауабында.

Оның айтуынша, мұнай бағасының құлауы Қазақстан үшін тосын болған жоқ.

«Себебі, оның алдында коронавирустың өршуі, Қытай тарапынан мұнайға сұраныстың азаюы бойынша санаулар жүргізіліп, шекара жабылған жағдайда, пандемия өскенде қандай шаралар қолдану қажеттігі пысықталып, дағдарысқа қарсы бағдарлама дайындалған болатын. Сол себепті, біздің мемлекет тарапынан қолданылатын шаралар кешені бар. Ұлттық банк пен Үкімет мәлімдеме жасады. Сондықтан, үрей мен қорқынышқа негіз жоқ», - деді Қ. Бейсенғазин.

ҚазАқпарат осыған дейін әлемдік мұнай бағасының құлдырағанын және осықан қарай ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк мұнай нарығындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасағандығын хабарлаған болатын.



Соңғы жаңалықтар