Сарапшы: Елімізде еңбекке қатысты даулар - өте өзекті мәселе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Келіп түсетін әрбір үшінші шағым еңбек қатынастарына байланысты. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде өткен Әдеп жөніндегі комиссияның бірінші отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің еліміздегі Еңбек кодексінде демалуға, 8 сағаттық жұмыс тәртібіне қарасты мәселелердің бәрі қарастырылған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің жұмысына аса мән береді. Мемлекеттік қызметшілерге қосымша жұмыс істету керек болған жағдайда Еңбек кодексінің 77-бабына сүйенуіміз керек. Онда қызметшінің жазбаша түрде келісімі арқылы ғана қосымша жұмысқа тартуға болатыны жазылған. Қосымша жұмысқа тарту барлық мемлекеттік органдарда Әдеп жөніндегі комитеттің аталған бапқа сәйкес болуын қадағалаумен жүзеге асатын болады», - дейді Әдеп жөніндегі комиссия мүшесі Бибігүл Нұрашева.

Оның айтуынша, елімізде еңбекке қатысты дау-дамайлар - өте өзекті мәселе.

«Қосымша жұмыс жүктеу, жұмысшының құқығын таптау - келіп түсетін әрбір үшінші шағым осындай еңбек қатынастарына байланысты. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде ғана соңғы жылы жұмысшылардың құқығы бұзылуына байланысты 8 мың шағым түскен. Мен Әдеп жөніндегі комиссия мүшесі болу арқылы жұмысшының құқығын қорғау мәдениеті бойынша өз үлесімді қоса алам деп ойлаймын», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар