«Сарабдал саясаттың салтанаты. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына кірісті» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 15-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесінің Қазақстан Республикасының Ұйым төрағалығына кірісуіне арналған инаугурациялық мәжіліс өтті. Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліске қатысушыларға үндеу жолдады. Мемлекет басшысының осы үндеуінің толық мәтіні еліміздегі мерзімді басылымдарда жарық көрді. «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымындағы төрағалықтың мәрте­белі миссиясын Қа­зақстан аса зор жауапкершілік сезімімен қабылдайды. Біздің еліміз төрағалықты қазіргі заман тарихының аса күрделі бір кезеңінде қолына алып отыр. Дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағда­рыс­тың салдарынан әлемнің жаһан­дық құрылымында тектоникалық өзгеріс­тер орын алуда, бұл үдеріс әлі де аяғына жеткен жоқ. Жаппай қырып-жою қаруын таратпау режі­мі­нің дағдаруы, лаңкестік, гуманитар­лық және экологиялық апаттар, аштық, кедейшілік, түрлі эпидемиялар, энергетика ресурстарының азаюы, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар - міне, бүгінгі адам­зат өркениеті душар болып отырған осын­дай қатерлердің тізімін одан әрі жал­ғастыра беруге болады. Бұлармен күрес жүргізу ЕҚЫҰ сияқты қызмет аясы көпқырлы және беделді институттардың бар күш-жігерін жұмсауын қажет етеді», депті өз сөзінде Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің үндеуін «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Казахстанская правда», «Экспресс К», «Литер», «Известия» және «Панорама» басылымдарынан оқи аласыздар.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына төрағалық ету­дің біздің еліміз үшін мән-маңызын кеше, 2010 жылғы 14 қаңтарда - әлемнің ең әйгілі, ең салтанатты сарайларының бірі - Хофбургтегі Нойер залында Интернет жүйесі ар­қылы бүкіл әлемге тікелей эфир­ден таратылған Үндеуінде де келісті ашып берді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың Үн­деуін ЕҚЫҰ-ға мүше 56 ел де­ле­га­ция­лары ықыласпен тыңдаған. Ұйым Тұрақты кеңесінің инау­гура­ция­лық мәжілісінен кейінгі баспа­сөз мәслихаты кезінде де, ел-елден келген министрлердің қысқа лебіз пікірлерінде де Қазақстан басшы­сы­ның өз мемлекетінің төраға­лық­қа адамзат тарихындағы ең бір күр­делі кезеңде кірісіп отырғандығын барынша сергек сезіну сүйсінт­кен­дігі атап айтылған. Еліміздің мәртебелі қызметке кіріскені жайындағы көлемді мақала «Сарабдал саясаттың салтанаты. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына кірісті» деген тақырыппен берілген. Оны басылымның бүгінгі санынан толық оқи аласыздар.

«Қытайға жер сату туралы әңгіменің ешбір негізі жоқ». «Егемен Қазақстан» газетінде осы тақырыппен жарияланған келесі мақалада еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай деп мәлімдегені жазылған. «Ауыл шаруашылығы жерлерін қытай инвесторларына беру туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және мұндай әңгіменің негізі де жоқ. Біріншіден, ҚР Жер кодексінің 23-бабына сәйкес ауыл шаруа­шы­лығы жерлері шетел азамат­та­ры­ның және заңды тұлғалардың жеке меншігінде бола алмайды. Екіншіден, Қытай Халық Рес­публикасы біздің елімізден соя им­порттауға қызығушылық танытуда. Алайда, Қазақстанда сояны өндіру тек суармалы жерлерде қолайлы. Суарма­лы жерлердің аумағы біздің елде тек қана 1,3 млн. гектарды құ­райды. Олар­дың барлығы отандық ауылша­руа­шылық өнімдерін өнді­ру­шілердің қарамағында тұр. Со­нымен қатар ҚР Жер кодексінің 38-бабына сәйкес жерлерді суба­рендаға беруге тыйым салынған. Яғни, жерді мемлекеттен өзі жалға алып отырған тұлға оны екінші біреуге жалға бере алмайды», депті министр.

Осы жайт «Айқын» газетінде де көтерілген. Бұл басылым да Ауыл шаруашылығы министрінің сөзін келтірген. Онда «Қытай бізден соя өсіру үшін жер сұрап отыр» дейтін соя дақылы тек суармалы жерлерде ғана өседі. Суармалы жерлердің біздегі алқабы 1,3 миллион гектар ғана! Бұл жерлерге сұраныс қазір үлкен. Оның үстіне баяғыдан әрбір жердің өзінің қожайыны бар. Мұны мамандар жақсы біледі. Суармалы аудандарда бос жатқан жерді табу қазіргі кезде мүмкін емес», депті А.Күрішбаев.

Кеше Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің алқа мәжілісі өтіп, оның төрағасы Қуанышбек Есекеев Үкімет басшысы алдында өз ведомствосының өткен жылғы жұмысының қорытындысын шығарды. Осыған орай «Айқын» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Қазақстандықтар «үш джидың» қызығына батар күн алыс емес» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінің мақсатты 6 индикаторы бойынша Қазақстан мынандай жетістіктерге қол жеткізген: қазақстандық әр 100 тұрғынның 24-інің үй-жайларында телефон орнатылған. Жергілікті телекоммуникация желілерін сандық бапқа келтіру деңгейі 85-тен 90 пайызға артқан. Еліміздегі «Ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы» 100 тұрғынға шаққанда 95,5 адамды құраған.

Премьер-Министрдің қатысуымен өткен алқалы жиын жайында «Егемен Қазақстан» бсылымның бүгінгі нөмірінде де егжей-тегжейлі жазылған.

***

Кеше Төтенше жағдайлар министрі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің комиссиясы Сырдарияның жағасында, Арыс ауданының аумағында салынып жатқан «Көксарай» су реттегіші құрылысының барысымен танысты. Содан соң Шымкентте осы құрылысты үйлестіріп отыратын штабтың кезекті мәжілісін өткізді. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде жарияланды. Басылымның жазуынша, БАҚ өкілдеріне арналған брифингте В.Божко су реттегіштің ағымдағы жылы ақпанның 1-інен кейін 1 миллиард текше метр суды қабылдап алуға дайын екендігін жеткізген.

«Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Статистика жөніндегі агенттіктің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғады, деп мәлімдеді қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, агенттік басшылығы бюджет қаржысының 764,8 миллион теңгесін жымқырған.

***

«Қазақ елі» монументінен орын бұйырмаған Керей мен Жәнібек хан, енді «Хан шатырдың» алдына жайғасатын болды. Осы арадағы «Ғашықтар» саябағынан сая тапқан тарихи тұлғаларға қайта бастан жаңа ескерткіш жасалмақ», деп жазады «Алаш айнасы» газеті.

Басылымның жазуынша, 2009 жылы желтоқсанның 1-інде Керей мен Жәнібек хандарға және ұлы ойшыл Абай Құнанбаевқа арнап жасалар ескерткіштердің ең үздік эскиздік-идея жобаларына республикалық ашық байқау жарияланған. Қаңтардың 8-іне дейін жалғасқан байқаудың аясында 30 жұмыс сарапқа түскен. Оның 10-ы қазақ мемлекетінің тұғырын қалаған қос ханға, 20-сы Абай ескерткішінің жобасына арналған. Байқауда Астана, Алматы, Қарағанды секілді ірі қалалармен қатар өзге де аймақтардың мүсінші, сәулетшілері бақ сынады. Оларға қойылған талап та жеңіл емес. Ең бастысы, өнер иелері қазақ мемлекеттілігінің негізін салушы, халықты Тәуелсіздік идеясының айналасына біріктіруші Қазақтың ұлттық батырларының архитектуралық-көркем бейнесін сомдап шығуы тиіс.

«Ауыл - қазақтікі, ауыз суы - өзбектікі...». осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген мақалада Оңтүстік Қазақстан облысының Өзбекстанмен шекараласатын тұсындағы Арнасай, Қостақыр секілді бірнеше елдімекеннің жайы баяндалған. «Отан шекарадан басталады» Өзбекстан өзінің әрбір кеден бекетіне осылай бадырайтып жазып қойған. Осыдан-ақ өзбек ағайындар шекара мәселесіне, мемлекет іргесіне өте қатаң, асқан жауапкершілікпен қарайтынын байқайсыз. Қазақ пен өзбек еншілерін бөлісіп, екі ел болғанына жиырма жылға жуықтаса да шекара сызығында даулы мәселелер әлі күнге таусылар емес», деп жазады басылым.

***

2010 жылдың соңында Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдардың балаларды қамтуы 46,4 пайызға жетпек», деп жазады «Литер» газеті. Кеше Білім және ғылым министрлігінде еліміздің мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесіндегі жағдайлар, проблемалар және перспективалар талқыға салынған. Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда жыл басында 373,1 мың баланы қамтыған 4972 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеген. Олармен қатар негізінен ауылдық мектептер жанынан 3 мыңға жуық шағын орталықтар ұйымдастырылған. 1 жылдың ішінде мектепке дейінгі мекемелер саны 1209-ға (230 балабақша мен 979 шағын орталықтар ашылды) көбейген, оларда 38,7 мың бала тәрбиеленеді.

«Каспий маңы елдері бекіре балығын аулауға мораторий енгізу туралы Қазақстан бастамасын талқылайды», деп жазады «Понорама» газеті. Басылымның жазуынша, қаңтардың 25-27-інде Иранда Каспий теңізінің су биоресурстары жөніндегі комиссияның 31-ші отырысы өтеді. Күн тәртібіне Қазақстанның өткен жылы Каспий бекіресін кәсіпшілікпен аулауға мораторий енгізу туралы ұсынысы енгізілген.

Соңғы жаңалықтар