Сапархан Омаров биылғы егін түсіміне болжам жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биылғы егін түсіміне қатысты болжамын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша, егіс алаңдары 237,7 мың гектарға артып, 22,5 млн гектарды құрады. Мәселен, азықтық дақылдарға арналған алаңдар - 312,1 мың гектарға, майлы дақыл алаңдары - 184,7 мың гектарға, бақша дақылдарына арналған алаңдар - 7,4 мың гектарға, көкөніс алаңдары - 3,9 мың гектарға, картоп алаңдары - 2,5 мың гектарға ұлғайды», - деді Сапархан Омаров Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, сапалы және уақтылы жүргізілген ылғалды сақтау шаралары және егіс алдында жүргізілген топырақты өңдеу - арамшөпті барынша жойып, топырақтың ылғалын сақтауға ықпал еткен. Егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде жүзеге асырылып, нәтижесінде егін біркелкі және толық шыққан.

«Фермерлер дер кезінде арзан жанар-жағар маймен, сапалы тұқыммен, тыңайтқышпен, техникамен қамтамасыз етілді. Келесі маңызды іс-шара - егісті фитосанитариялық қорғау. Өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға ынталандыру үшін биыл 37 млрд теңге көзделген. Бұл 16,6 млн литр пестицидті субсидиялауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Қазгидрометтің болжамына сәйкес, маусым айында ауаның орташа температурасы Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарының солтүстік жағында нормада болады. Ал Ақмола облысының орта және оңтүстік бөліктерінде, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының көп жерінде, сондай-ақ Павлодар және Қостанай облыстарының оңтүстігінде нормадан 1°С жоғары болмақ.

«Жоғарыда көрсетілген облыстарда жауын-шашын мөлшері нормада болады. Қарағанды облысында ғана нормадан төмен болады деп болжануда. Бұл факторлардың барлығы қолайлы ауа райы жағдайында және егін жинау жұмыстарын оңтайлы мерзімдерде жүргізген жағдайда жақсы түсім алуды болжауға мүмкіндік береді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар