Сапархан Омаров: Биылғы астық сапасы былтырғыдан жоғары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы әлемдік пандемия барлық салаға кері әсерін тигізді. Алайда көктемде егін уақытылы егіліп, күзгі жиын-терім де қолайлы болып, астық жиналып та қалды. Осы ретте ел аумағындағы астықтың шығымы қалай болғанын, қанша астық жиналғанын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен аз-кем әңгіме барысында білген едік.

- Сапархан Кесікбайұлы, егін жинау науқаны аяқталуға жақын қалды. Биыл астықтың шығымы қалай, қанша тонна астық жиналды?

- Өздеріңіз білетіндей, биыл өте күрделі кезеңді бастан өткердік. Дүниежүзін шарпыған пандемия әлемдегі алпауыт мемлекеттердің де экономикасын әлсіретті. Осындай қиын жағдайға қарамастан, Ауыл шаруашылығы министрлігі өз қызметін абыроймен атқарып келеді. Әсіресе, көктемде егін уақытында егіліп, тиісті іс-шаралар дер кезінде жасалды. Ал, егін жинау науқанының қарқыны өткен жылға қарағанда жоғары.

Мәселен, бүгінгі күні республика бойынша барлығы 14,8 млн. гектардан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жиналатын алаңының 93,4%-ында егін жиналды. Ал былтыр осы уақытта 10,3 млн. гектар немесе 67,6% жиналған болатын. Жалпы, астықтың түсімі гектарына 12,3 центнерден айналды. Дәл бүгінгі таңда 18,2 млн. тонна астық жиналды.

Осы орайда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамды көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге жететінін атап өткім келеді.


- Астықтың шығымынан бөлек сапасы да үлкен маңызға ие ғой. Биылғы бидайдың сапасы қандай?


- Өте орынды сұрақ. Биылғы астықтың сапасы өте жоғары. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 83,8%-ы 1-3-сыныптарға жатқызылды, бұл көрсеткіш 2019-жылы 67,2%-ды құраған болатын. Тиісінше, 4-5 сыныпты және сыныпсыз бидайдың үлесі 2019-жылғы 32,8%-дан 16,2%-ға дейін төмендеді. Астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түскен астық сапасы туралы деректерге сәйкес дән маңызы жоғары бидай үлесінің едәуір өскені байқалуда. Бұл бидайдың негізгі әрі маңызды сапалық көрсеткіштерінің бірі. Стандартқа сәйкес 3-сыныпты бидайдағы дән маңызының мөлшері 23%-ды құрауы тиіс. Биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғарылады. Мәселен, 3-сыныпты бидай көлемінде дән маңызы 25-27% болатын астық үлесі 25,4%-ға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 23,4% болған еді, ал дән маңызының мөлшері 28% және одан жоғары болатын жоғары сапалы, жоғары сұранысқа ие HI-Pro бидайының үлесі 59%-ға жетті, өткен жылы бұл 42,8% болатын.


- Ендеше биылғы астық сапасының жоғары болуын немен байланыстыруға болады?


- Мемлекеттің өсімдік шаруашылығына қолдау көрсету жөніндегі мақсатты саясатының нәтижесінде сапалы өнім алынды. Биыл тұқым шаруашылығын субсидиялау көлемі 49%-ға ұлғайды. Бұл фермерлердің жоғары репродукциялы тұқым сатып алу қолжетімділігін 2019 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, тыңайтқыш сатып алуды субсидиялау көлемі 38%-ға ұлғайды. Яғни, 19 млрд теңгеден 26,1 млрд. теңгеге дейін өсті. Кепілдендірілген және сапалы өнім алуда егістерді зиянкестер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу бойынша қабылданған шаралардың маңызы да зор болды. Биыл сондай-ақ, пестицидтерді субсидиялауға 36,4 млрд теңге бөлінді, бұл 2019 жылға қарағанда 9 млрд теңгеге артық. 2020 жылға дейін тек гербицидтер, биопрепараттар мен биоагенттер субсидияланған болатын. Биылдан бастап пестицидтердің инсектицидтер мен фунгицидтер сияқты басқа да түрлері субсидияланатын болды. Міне, осындай маңызды шараларды атқарғанның нәтижесінде астықтың сапасы жоғары болды.


- Ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге астығымыз жетеді дедіңіз. Артылғанын қай елдерге экспорттау жоспарланып отыр?


- Жоғарыда айтқанымдай, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамды көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге жетеді. Жаңа маусымда Қазақстанның бидайы мен ұны негізінен дәстүрлі түрде Орталық Азия елдері мен Ауғанстан нарығына экспортталады. Осы тұста айта кету керек, астық сапасының жоғары болуына байланыста Қытайға жеткізілетін бидайдың (HI-Pro) көлемі артуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар