Сапарбаев: Шетелдік және отандық мамандардың еңбекақысында айырмашылық болмауы тиіс

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік еңбек инспекторлары 36 мыңнан астам жұмысшының құқын қорғап, жалақы бойынша қарыздарын қайтарды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Қостанай қаласына жұмыс сапары аясында өткен әлеуметтік-еңбек қатынастарын және әлеуметтік серіктестікті реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы вице-министрлері, республика өңірлеріндегі әкім орынбасарлары қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген Біржан Нұрымбетов еңбек қатынастарын реттеудегі негізгі міндеттерді шешуге назар аударды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жалақыны уақтылы төлеуді бірінші мәселе деп атады.

«Ағымдағы жылы еңбек инспекторлары жалақы бойынша берешегі 5,7 млрд. теңгеден асатын елдегі 1700 кәсіпорынды анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 36 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғалып, жалақылары бойынша 5,1 миллиард теңге қарыздарын қайтарылды. Бүгінгі күнде жалпы қарыз сомасы 1,42 млрд теңгені құрайды және жыл басынан бері ол 28% -ға немесе 560 млн теңгеге азайды. Сонымен бірге ағымдағы және мерзімі өткен берешек сомасы 2700 қызметкерге 733 млн теңгені құрайды», – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, ең көп қарыз Нұрсұлтан қаласына, Алматы және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Берешекке жол берген кәсіпорын басшыларына 59 ұйғарым беріліп, 25 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал жалақыны бірнеше рет кешіктіргені үшін 6 кәсіпорын басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Министрдің сөзіне қарағанда, еңбек қатынастарын реттеудегі екінші негізгі міндет –ұжымдық еңбек дауларының алдын алу.

«Дағдарысқа қарсы штабтар мен әлеуметтік серіктестік жөніндегі өңірлік комиссиялардың тұрақты жұмысына қарамастан, әрдайым еңбек жанжалдарының алдын алу мүмкін бола бермейді. Ағымдағы жылдың басынан бері республикада 9 еңбек дауы орын алды. Оның 7-і шетелдіктердің қатысуындағы елдің батыс өңірлеріндегі мұнай-газ және мұнай-сервис кәсіпорындарында болған. Жанжалдардың негізгі себептері жалақыны көтеру, жергілікті және шетелдік жұмысшылардың еңбек пен тұрмыс жағдайларының теңсіздігінен туындады», – деді Біржан Нұрымбетов.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы жағдайға ерекше назар аударды.

«Президент тапсырмасы бойынша қазақстандық және шетелдік қызметкерлер арасында еңбекақы төлеудегі сәйкессіздікті болдырмауға қатысты прокуратура органдарымен бірлесіп, 30 адамнан асатын шетелдік жұмыс күшін тартатын 95 кәсіпорында тексеру жұмыстары аяқталды. Еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісі анықталды, оның ішінде 25 кәсіпорында 474 еңбекақы төлеудегі сәйкессіздік фактісі белгілі болды. Тексеру қорытындысы бойынша 89 ұйғарым беріліп, 92 млн.теңге сомасына 383 әкімшілік іс қозғалды, 681 рұқсат кері қайтарылды, 393 шетелдік қызметкер елден шығарылды», – деп хабарлады министр.

Сонымен қатар, министр еңбек қатынастарын реттеудегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге де назар аударды. Оның айтуынша, ағымдағы жылғы 10 айда өндірісте 1069 адам зардап шегіп, оның ішінде 129 адам қайтыс болған. Өндірістік жарақаттанудың өсуі Ақмола, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында байқалады.

Жиынды қорытындылаған вице-премьер Бердібек Сапарбаев республикалық үшжақты комиссияның негізгі міндеті еңбек дауларының алдын-алу және еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Өкінішке қарай, жауапты мемлекеттік органдар еңбек дауларының алдын алу, болдырмау бағытында жұмыс істемейді. Кәсіподақ ұйымдары проблемаларды біледі, бірақ олар да үнсіз. Еңбек инспекциясы алдын ала шаралар қабылдамайды. Біз өрт сөндірушілер сияқтымыз. Еңбек қақтығысы пайда болағаннан кейін оқиға орнына барып, жұмысқа кірісеміз. Еңбек қаупі картасы не үшін құрылды? Кешіктірілген жалақының, өндірістік жарақаттың, еңбек жағдайының сақталмауының барлық фактілерімен жеке жұмыс жасау керек», – деп ҚР Премьер-Министрінің орынбасары көңілі толмайтындығын білдірді.

Ол жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне еңбекақы төлеудің кешіктірілуіне жол бермеу, уақытылы төленуін қамтамасыз ету туралы еске салды.

«Бұл, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақтөбе және Алматы облыстарына қатысты. Кәсіподақтармен бірлесе отырып, шаралар қабылдау керек», – деп атап өтті вице-премьер.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев жұмыс берушілердің ұжымдық келісім-шарттар мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі міндеттемелерін орындауы мен кәсіпорындарда кәсіподақтарды құрудың маңыздылығы туралы атап өтті. Сонымен қатар, ол шетелдік және отандық мамандардың еңбекақысы мен еңбек жағдайлары бойынша сәйкессіздігі мәселелеріне тоқталып өтті.

«Біз ауқымды тексеру жүргіздік. Қазір Еңбек министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп жұмыс істеуде, біз бұл мәселені Үкіметтің қарауына енгіземіз. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселеде біз нүкте қоюымыз керек. Бізде білікті кадрлар бар, сондықтан еңбекақы төлеу мен еңбек жағдайларындағы айырмашылықтар болмауы тиіс. Қазір төртінші санат бойынша квотаны төмендету мәселесін қарастырудамыз», – деп түйіндеді Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар