Сапарбаев Көкшетауда өткен азық-түлік жәрмеңкесін аралап көрді
Тәуелсіздік алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге Астрахан, Аршалы, Бұланды, Біржан сал, Есіл, Жақсы, Қорғалжын, Сандықтау аудандарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мен Көкшетау қаласының өңдеуші кәсіпорындары 90,7 миллион теңгенің 97 тонна азық-түлік өнімін алып келіпті.
Оның ішінде 43 тонна ет және ет өнімдер, 4,5 тонна балық, 152 мың дана жұмыртқа, 7,5 тонна сүт және сүт өнімдері, 16 тонна ұн, 20 тонна картоп пен көкөніс нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан сатылды.
Жәрмеңкені аралап көрген вице-премьер оның ұйымдастырылуы мен азық-түлік бағасына назар аударып, тұрғындардан хал-жағдайын сұрап білді.
Еске сала кетейік, бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы Ақмола облысының Зеренді ауданы және Көкшетау қаласында болып, Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.