Санитарлық нормаларды сақтамаған нысандар карантин біткенше жабылады – СҚО әкімі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Санитарлық талаптарды сақтамаған нысандар соттың шешімімен карантин біткенше жабылады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов онлайн брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да осы күнге дейін коронавирус инфекциясы 49 адамда анықталды, олардың 33-і емделіп шықты.

Құмар Ақсақаловтың пікірінше, басқа облыстармен салыстырғанда COVID-19 өңірде аз тіркелуінің басты себебі - қатаң карантин шараларының енгізілуі мен тұрғындардың тәртіпті қатаң сақтауы. Алайда бүгінде арқаны кеңге салып, санитарлық нормаларды сақтамайтындар да бар екен.

«Талап бәріне бірдей. Мамандар cоңғы екі аптада 2 мыңнан аса нысанды тексерді. Нәтижесінде 227 кемшілік анықталды. Кейбір дәмханалар, дүкендер мен шаштараздар талапты орындамай отыр. Мысалға, «Центр плова» дәмханасы, «Дана» шаштаразы және «Мотомир», «Марс», «Салтанат» сынды дүкендерде қызметкерлер мен келушілер маска тақпайды, сатушылар қолғап кимейді, белгілер жасалмаған. Егер де бұл кемшіліктер түзелмесе, соттың шешімімен аталмыш нысандар карантин біткенше жабылады», - деді өңір басшысы.

Қазір облыста кинотеатрлар, түнгі клубтар, ойын-сауық орталығындағы фуд-корт пен балалар алаңы, кальян мен компьютер клубтары жабық. Облыс әкімі қызмет көрсету саласының жұмысшыларын уақытша жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды. Жұқпалы індет кез келген уақытта өршіп кетуі мүмкін. Облыстың шекарасы жабық болғанымен, күн сайын шекара арқылы 350 адамға дейін өтеді екен.

«Біздің облыспен көрші елдің аймақтарында жағдай тұрақты емес. Ресей - науқастардың саны бойынша әлемде үшінші орында. Қазір шекарадан біздің азаматтар: студенттер мен вахталық әдіспен жұмыс істеген жұмысшылар өтіп жатыр. Олардың барлығы тест тапсырады. Шекараны жаяу өткен азаматтар карантиндік стационарға жатқызылады. Бүгінде облыс бойынша күніне 1 мыңға жуық тест жасалады. Бұның барлығы облыста вирустың таралмауына септігін тигізеді», - деді Құмар Ақсақалов.

Сөз соңында СҚО әкімі тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Оның айтуынша, жағдай қиындайтын болса, карантин режимін күшейтуге тура келеді. Шектеу шараларын енгізбес үшін қазіргі уақытта тұрғындардан асқан жауапкершілік пен түсіністік керек.


Соңғы жаңалықтар