Санат Көшкімбаев алдағы Парламент сайлауының негізгі ерекшеліктерін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев алдағы Парламент сайлауының негізгі ерекшеліктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл, жалпы көптен күткен жаңалық екенін айта кету керек. Конституциялық заңға сәйкес сайлау өз уақытында, өз мерзімінде өткелі отыр. Бұл – өте маңызды аспект. Яғни, Қазақстандағы 6 саяси партияға алда дайындалуға жақсы уақыт берілді. Екіншіден, заңға сәйкес жастар мен әйелдерге 30 пайыздық орын бөлінеді. Бұған дейін жастар мен әйелдердің дауысы жеткілікті деңгейде есепке алына бермейтін еді. Тағы бір мәселе, заңнамалық тұрғыда парламенттік оппозицияның мәртебесі бекітілді. Себебі оппозициялық партиялардың құқығы алдағы уақытта қорғалып, олардың мүшелері Мәжілістегі комитет төрағалығын иеленетін болды. Жалпы, Мәжілісте 7 комитет бар. Яғни, ол комитеттердің басшылықтарына оппозициялық партияның өкілдері келеді», - деді Санат Көшкімбаев ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы білдірген пікірінде.

Сарапшының айтуынша, мәслихаттар сайлауының алғаш рет партиялық тізім бойынша өтуі де – маңызды аспектілердің бірі.

«Азаматтар сонымен бірге мәслихатқа өзін-өзі де ұсына алады. Дәл қазіргі уақытта тек партия өз қатарынан мәслихаттардағы орын мен жергілікті атқарушы органдардағы лауазымға өз адамын ұсына алады. Яғни мәслихат сайлауына да үлкен өзгерістер енгізілді», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялаған болатын.

«Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды», - деді Президент үндеуінде.


Соңғы жаңалықтар