Санасыздық жайлаған қоғамда кітаптың құны оттық қана - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Кітап оқиық, оқығанды көңілге тоқиық - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)


Қытайлық kazakcnr.com сайтында 23 сәуір халықаралық кітап күніне орай, ҚХР фольклор қоғамының және Шынжаң жазушылар қоғамының мүшесі, журналист, жазушы Қапас Әсейінұлының «Кітап оқиық, оқығанды көңілге тоқиық» атты мақаласы жарық көрді.

Қытайда тұратын белгілі қазақ жазушысы Қапас Әсейінұлы аталған мақаласында кітаптың адамзат өркениетіндегі құндылығы мен маңызы жайында ой өрбітіп, әлем ойшылдарының кітап туралы айтқан даналық пайымдарын сараптайды. «Қазір бізде хат танымайтын адам жоқ, алайда кітап оқитын адам қанша?», - деп сұрақ тастайды.

«Жанымда ойнап отырған кішкентай немерем оқып отырған кітаптарымның бірін ашып маған еліктеп оқи бастады. Сәлден соң: «Ата, мен мына кітаптарды ат қып мінемін!» деп маған қарады. Мен «Мін, мін, ат қып мін! кітап сенің тұлпарың, мін!» дедім, жақсылыққа жорып, ырымдап! Кенет әкемнің бала кезімде маған жазып берген «Томағалы бүркіт жетім, ащы тері алынбаған жүйрік жетім, ботасы өлген түйе жетім, ашылмаған кітап жетім, жазылмаған қалам жетім» деген қолтаңбасы есіме түсті. Хат танығаннан әкемізге еліктеп кітап оқыдық. Біздің үйде ел орынға отырғаннан кейін білте шамның астында балаларға кітап оқытатын әдет бар еді. Көп кітаптарды сол кезден бастап оқыдым... Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, ол өзінің қасіреті; ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті!» деген екен. Кітап – өмір азығы. Кітап оқу - өркениеттің белгісі. Кітап сенің ұлағатты ұстазың, ақылшың, мұрат-мақсатың. Бар іздегенің осы кітаптан табылады», - деп жазады автор.


Сонымен бірге автор мақаласында зерттеушілердің кітап оқудың адам денсаулғына пайдасы туралы айтқан дәлелді дәйектерін де ұсынады.

«... Кітап оқуға мұрсасы жоқ адамдардың өмірге де мұрсасы тимейді, олар өмірде жасайды, алайда өмірді шын мәнінде түсініп кете алмайды. Олар оқығанын айтпайды, елден естігенін айтады. «Естіген өтірік, көрген шын». «Кітап заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі» (Ф. Бэкон). Тіптен, қазіргі күні мамандар кітап оқудың адамды күйзелістен арылтып, сергітетін рөлі музыка тыңдау мен серуендеуден де асып түсетіндігін байқаған. Әр күні, тек, 6 минут газет немесе кітап оқыса, адамның жүрек соғу жиілігіне пайдалы әсер етеді екен. Кітап есте сақтау өнімділігін көрнекті жақсартып, қарттарда болатын меңіреулік ауруынан сақтайды, ұйқыны жақсартады», - деп жазады мақалада.

Сондай-ақ, мақалада автор ұлтымызды еврейлердің балаларына айтатын, «Егер, үйге өрт кетсе, дүниені тастап, алдымен кітапты алып шық!» дейтін тәлімін қабылдап, солардың өнердегі ұстанымдарын үйренуге шақырады.

«... Рухани жұтаңдықтан құтылудың бірден-бір жолы кітап оқу. «Кітапқа құмартпайтын ұлт - бақытсыз ұлт, кітап оқымайтын ұлт - бейшара ұлт саналмақ». Еврейлер оқымыстыны патшадан да ұлы, қадірлі көріп, мұғалімдерді ерекше абройлы санаған. Еврейлер кітап оқып мемлекетті құдыреттендірді. Еврейлер баласы ес білгеннен кейін кітаптың бетіне бал жағып, оны баласына жалатып: «Балам, тәтті ме екен?»-деп сұрайды екен. Баласы: «Тәтті екен»-десе, ата-анасы: «Балам, ол тәтті нәрсе мына кітаптың ішіндегі білім, білім ғана дүниедегі ең тәтті нәрсе!»-деп тәлім береді екен. Қандай керемет тәрбие! Дүниеде кітап оқуда еврейлер алдына жан салмайды. Дүниеде кітапханасы ең көп ел де - Израил. Еврейлер кітап оқуды, кітап сатып алуды, кітап жазуды жақсы көреді. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген бар. Қазақта қарғыстың үлкені де осы. «Тек бір ғана жақсылық бар ол -білім, тек бір ғана жамандық бар ол - надандық» дейді Сократ. Ал «Білім болмаған жерде надандық өзін ғылымға балайды» дейді Сүйман. Қазір бізде хат танымайтын адам жоқ, алайда кітап оқитын адам қанша? Айтсаң ұяласың, бетіңмен жер басасың. Елге бас болатын, ақыл айтатын үстел басында жүргендер, ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздарымыздың қаншасы кітап оқып жүр?!», - деп жазған.

Біз қысқартып ұсынған бұл көлемді мақалада автор кітап оқудың құндылығын өрелі ой-толғаныстармен, көкейге қонымды дәлелдерге сүйене отырып барынша айғақтап анық етіп жазған.

«Ұлыбританиялық 9 жастағы Фияс Джексон телевизор көруді, ұялы телефон мен ойын автоматтарында ойнауды доғарып, 7 айда 364 кітапты оқып болған, күніне екі кітап оқыған... Бір оқымысты «Бір адамның рухани өсу тарихы дегеніміз - сол адамның кітап оқу тарихы болмақ» деген екен. Ертеңіміз үшін кітап оқиық, ұрпақтарымыз үшін кітап оқиық, кітап оқуды жалпы халықтық әдетке айналдырайық! «Кітап көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан». «Кітапты өртеуден асқан қылмыс бар. Мысалы, оны оқымау» (Рэй Брэдбери). Санасыздық жайлаған күркешеде кітаптың құны оттық қана. Ал білімділік өресі енжайлаған көшелі елдің күркешесінде кітап өнегелі сәулесін төгетін шам-шырақ. Онда қараңғылық, үмітсіздік, табансыздық, немқұрайдылық қасіреті болмайды. Кітап оқыңыз, кітап оқу - бір саналы азаматтың асыл қасиеті. Айына аз ақша үнемдеп кітап алыңыз, өзіңіз оқыңыз, балаңыз оқысын, үйіңізге келген қонағыңыз оқысын, бақыт құсы содан ұрпақтарымыздың басына келіп қонсын!», - деп түйіндейді автор.

Әлемге танымал миллиардерлер Дональд Трампқа кеңесші болды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирустық пандемиядан кейін елді дағдарыстан шығару үшін «Ұлы Америка экономикасының қайта өрлеу» жобасын жүзеге асырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Ақ үйдің ресми сайты айтулы жобаға қатысушы үздік топ мүшелерін жариялап, оны «экономикалық қайта өрлеудің ұлы америкалық тобы» деп атаған.

«Құрама Штаттардың ең үздік көшбасшыларынан құралған бұл топ, Ақ үй әкімшілігімен Американың бұрын-соңды болмаған өркендеуінің болашағын жоспарлау үшін бірлесіп жұмыс істейтін болады. Топқа барлық сала бойынша 200-ге жуық мамандар тартылған. Олардың арасында әлемге әйгілі кәсіпкерлер, қаржыгерлер және әр саланың үздіктері бар. Сол қатарда «Tesla» компаниясының бас директоры Илон Маск, «Amazon» компаниясының бас директоры Джефф Безос, Apple компаниясының бас директоры Тим Кук, Facebook бас директоры Марк Цукерберг, «Coca-Cola» компаниясының бас директор Джеймс Куинси, «McDonald's» бас директоры Крис Кемпчински, Mastercard президенті Аджай Банга, «UFC» президенті Дана Уайт және көптеген басқа трансшекаралық корпорациялардың менеджерлері Ақ үйдің тізімінен орын алған», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Қазақстан астанасында қалалық жұқпалы аурулар орталығы ашылды - «Жэньминь жибао» (People Daily)


Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында жұқпалы аурулар орталығын 13 күнде салып болды, деп хабарлайды «Жэньминь жибао » Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Әзірге коронавируспен ауырғандар емделетін бұл орталықта 20 орындық жансақтау бөлімі бар. Одан бөлек жұқпалы ауруларға арналған бес бөлім жұмыс істейді. Бұл жердегі 200 төсек-орындың 100-інде жасанды тыныс алдыру құрылғысы қойылған. Орталық инфекцияны бақылау стандарттарына сай келеді. Ең бастысы – бұл жердегі палаталардың ішіндегі ауа ешқашан дәліз жаққа шығып кетпейді. Ерекше кешен екі бөлікке бөлінген. Бірінші бөлікте ауру жұқтырған науқастар жатса, екінші бөлікте тек қана дәрігерлер жүреді. Бұл медициналық қызметшілерді жұғымданудан сақтайды. Жобаның жалпы құны – 5,5 миллиард теңге. Сонымен бірге коронавируспен ауырғандар емделетін бұндай орталықтар Алматы мен Шымкент қалаларында да салынып жатыр», - деп жазады «Жэньминь жибао» сайты.

Өзбекстан Қазақстанға ауылшаруашылық өнімдер экспортын арттырды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Өзбекстан соңғы екі айда көрші Қазақстанға 23 миллион долларлық ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,2 пайызға өскен, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«LS ақпараттық агенттігінің зерттеуіне сай Өзбекстан өнімдері көрші Қазақстанға әлемнің түрлі елдерінен келетін импорттық ауылшаруашылық өнімдерінің 20 пайызын құрайды екен. Биыл соңғы екі айдағы Өзбекстаннан импортталған жемістер мен көкөністердің жалпы көлемі 22,9 млн долларды құраған. Көрсеткіш 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,2 пайызға өскен», делінген ақпаратта.

«Өзбекстан ауылшаруашылығы өнімдері арасында көкөністерден негізгі тауарлар қызанақ, қырыққабат, сәбіз, қызылша, қияр т.б. бар. Ал жемістерден - жүзім, мейіз, лимон, құрма секілді өнімге сұраныс жоғары», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Түркияда бір күнде коронавирустан 109 адам қайтыс болды - TRT


Түркияда 24-ші сәуір күнгі мәлімет бойынша, коронавирустың жаңа түрінен қазірге дейін 2 мың 600 адам қайтыс болып, соңғы бір тәулікте 109 адам көз жұмған, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Осылайша өлім-жітімнің жалпы саны 2 мың 600 адам болды. Бір тәулікте 38 мың 351 сынама жүргізіліп, 3 мың 122 жаңа оқиға расталды. Соңғы мәліметтегі сауығып шыққан 3 мың 246 адамды қосқанда, жазылып шыққандар саны 21 мың 737 адамға жетті», - деп хабарлайды TRT.

«Нұр» жерсерігінен сигнал келді - «Фарс» ақпарат агенттігі

Иран Ислам Революциясы Сақшылар корпусы әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы Иранның көпмақсатты «Нұр» жерсерігі ұшырылғаннан кейінгі алғашқы минуттарда Захедан мен Чабаһар станцияларына сигнал келгенін мәлім етті, деп жазады Рarstoday.

«Бригада генералы Амир Али Хаджизаде Иран Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «90 минут жерді айналғаннан кейін Иранның солтүстік-батысында «Нұр» жерсерігінен қайта сигнал алдық»,- деді. Бригада генералы Хаджизаде бұл спутниктің көңіл аударарлық ерекшелігі ретінде тұрақты ғарыш станциясы мен күрделі ұшыру алаңын қажет етпейтінін атап: «Бейметалл корпус технологиясы негізінде қозғалтқыш пен қозғалмалы бүріккіш қолданылып жасалған жерсерік толығымен тактикалық және мобильді түрде жобаланған»,-деді», - деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі


Соңғы жаңалықтар