Самұрық-Қазына» қорының 75% жуық қызметкерлері коронавирусқа қарсы егілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының барлық портфелдік компанияларындағы қызметкерлердің 75% жуық қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы бүгін онлайн-брифингте Қордың корпоративтік басқару және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Мұхтар Манкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күннің басты тақырыбы әрине, коронавирусқа қарсы күрес шаралары мен вакцина мәселесі. Осыған қатысты нақты ақпарат айтсақ, қазіргі таңда Қорда жұмыс істейтін қызметкерлердің саны 275 мыңға жуық адам, соның ішінде, 203 853 адам немесе қызметкерлердің 74,5% коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды. Екінші компонентін 182 мың адам немесе қызметкерлердің 66,6% алып отыр», - деп хабарлады Манкеев.

«Самұрық-Қазына» қорына қарасты порфелді компаниялардың көбі өндірісте жұмыс істейтінін атай келе, Манкеев ең алдымен өндірістегі қызметкерлер екпе алғанын хабарлады.

«Бірінші орында біз өндірістегі қызметкерлерді вакциналадық. Өйткені, біздің компаниялардың өндірісі елдің экономикасына айтарлықтай зор үлес қосып отыр. Өздеріңіз білетіндей, қазір Қазақстан экономикасы пандемиядан кейін қайта қалпына келіп жатыр, сондықтан, біз үшін өндірісті тоқтатпау маңызды. Керек болған жағдайда, біз өндіріс орындарында мобильді вакцинациялау нүктелерін аштық», - дейді Манкеев.

Сонымен қатар, брифингте белгілі болғандай, вакцинациялау үлесін арттыру үшін қазір вокзалдар мен пойыздарда жа мобильді пунктерін ұйымдастыру қарастырылып жатыр.

Манкеев сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» қоры өз ішінде ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша вакцина салдыру науқанына қандай үлес қосып жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында, халыққа егу препараттарын қолжетімді ету үшін Қор БАӘ шығарған Hayat-Vax вакцинасының 1 млн дозасын сатып алуға қаржы бөлді. Оны биылғы жылдың мамыр айында СК-Фармация жеткізіп, денсаулық сақтау Министрлігінің желісі бойынша аймақтарға таратты», - деді сөзін қорытындылаған Манкеев.

Қор басшылығы қызметкерлердің екпе алуға деген ынтасын ояту үшін бірқатар шараларды қолға алған. Мәселен, басшылықтан бастап, қызметкерлер арасында #менекпеалдым және #вакцинацияланған челлендждері ұйымдастырылған.

Айта кетейік, Қордың сайтында компаниялар тобындағы вакцина алған қызметкерлердің саны туралы счетчик жұмыс істейді. Сондай-ақ, қызметкерлерді коронавирусқа қарсы егілуге ынталандыру үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосымша демалыс күндерін қосу, кезектен тыс ақылы демалыс күндері беру, вакцина салғызған қызметкерлер арасында ұтыс ойындарын ұйымдастыру сияқты шаралар өткен.


Соңғы жаңалықтар