«Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобындағы өндіріс жұмысшыларының жалақысы артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобында қызмет ететін жұмысшылардың жалақасын көтеру жалғасады. Бұл туралы Сенатта «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыруды талқылау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағдарламаның маңызды бөлігі жаңа экономикалық өсімге арналған. Азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау, сондай-ақ жаңа дағдылар мен кәсіпке жұмылдыратын жанама іс-қимылдар қамтылған. 1,1 млн-нан астам жұмысшының еңбекақысын көтеру ескерілген, оның ішінде бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерінің лауазымдық айлық ақысы артады. Дәрігерлердің жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 173 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өседі», - деді Е.Тоғжанов.

Сонымен қатар ол биыл сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының 258 мың өндірістік персоналының жалақысы 5-тен 48 пайызға дейін көтерілгенін айтты. Бұл ретте жалақысы төмен қызметтерге басымдық берілді.

«Қордың ішкі резервінен қызметкерлердің кірістерін арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады. Жыл соңына дейін тағы 4 компанияда өндірістік персонал жалақысы 5-тен 18 пайызға дейін өседі», - деді Үкімет басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар