«Самұрық-Қазына» бес нысанды Түркістан облысының әкімдігіне тегін тапсырды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жұмысын жүргізген «Самұрық-Қазына» қоры әлеуметтік маңызы бар бес нысанды облыс әкімдігіне тегін тапсырды. Жаңадан салынған нысандардың қатарында Х.А. Яссауи мұражайы мен орталық стадион, Оқушылар сарайы мен Конгресс-холл және «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесінің ғимараты бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл нысандардың құрылысы 2019 жылдың қазан айында қор мен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум аясында басталған болатын.

«Жыл басынан бері біз әлеуметтік маңызы бар 6 нысанның құрылысына кірістік. Олардың біріншісі – амфитеатр жыл басында пайдалануға берілді, қалған бесеуін Түркістан облысының әкімдігіне ақысыз тапсыруға дайынбыз. Құрылыс барысында әкімдік тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілді», – деді Ахметжан Есімов.


Өз кезегінде облыс әкімі өңірдің гүлденуіне қосқан үлесі үшін қорға алғыс айтып, Түркістан өлкесінің дамуына қосқан үлесі туралы жаңа меморандумға қол қойды.

«Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың Түркістанды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында сіз басқарып отырған «Самұрық-Қазына« Ұлттық әл-ауқат қоры облыс орталығындағы әлеуметтік маңызы бар бес нысанның құрылысын сәтті жүзеге асырды», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.


Сонымен қатар, аталған қор өңірде газдандыру, электр энергетикасы, электрондық коммерция, пошта қызметтері, ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылым саласындағы бірқатар жобаны іске асыруды жалғастыруда. Әлеуметтік саланы дамытуға және жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінбек.


Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы қор Арыс қаласын қалпына келтіруге де белсенді қатысқан болатын. Қор Арыс қаласында 68 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын, оның ішінде 16 мектеп, 36 балабақша, 8 денсаулық сақтау нысаны, 4 спорт нысаны, колледж, Теміржол вокзалы, Даңқ аллеясы мен орталық алаңды қалпына келтіргені белгілі.


Соңғы жаңалықтар