Самарқанда полиция қазақстандық туристерді себепсіз ұстап, учаскеге апарған

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Самарқанның ІІБ қызметкерлері қазақстандық туристерді заңсыз ұстап, арнайы техникалық құралдарды қолданған. Бұл туралы Өзбекстан ІІД Telegram каналында ведомствоның баспасөз қызметінің басшысы Шохрух Гиясов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

«Мамыр айының 20-сынан 21-іне қараған түні Самарқан қаласында ІІБ патруль-күзет қызметінің түнгі уақытта қызмет атқару үшін тартылған қызметкерлері Мирзо Ұлықбек көшесінде туристердің жеке басын тексеру барысында кәсіби этика нормаларын өрескел бұзып, қызмет бабын және арнайы техникалық құралдарды қолдану жөніндегі өкілеттігін асыра пайдаланған», - деп мәлімдеді ІІМ ресми өкілі.

Ол аталған факті бойынша Өзбекстан Республикасы ІІМ жеке қауіпсіздік қызметі прокуратура органдарымен бірлесіп қызметтік тексеру жүргізіп жатқанын айтты.

Оның қорытындысы бойынша заң бұзған бүкіл қызметкерді, сондай-ақ олардың басшыларын жауапқа тарту және қызметінен шеттету мәселесі қаралады.

Оқиға туралы «Ташкенттің қара тізімі» атты Instagram парақшада жарияланды.

Оған сенсек, 21 мамырға қараған түні Самарқанда тәртіп сақшылары бірнеше туристі, оның ішінде Қазақстаннан келген туристерді де ұстаған.

Туристердің құжаты болғанына қарамастан, олардың жеке басын анықтау үшін электрошокерді қолдана отырып, мәжбүрлеп учаскеге жеткізген.

Бұл ретте тәртіп сақшылары Самарқандағы «коменданттық сағатты» негізге алып отыр.


Соңғы жаңалықтар