Салықтық тексерулер 344 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Салықтық тексерулер 344 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтауға мүмкіндік берді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салықтық бақылау жүргізу үшін субъектілерді іріктеуге мүмкіндік беретін тәуекелдерді басқару жүйесі үнемі жетілдіріліп отырады. Қабылданған шаралардың нәтижесі - салықтық тексеру санының қысқаруы саналады. Есепті кезең ішінде тексеру саны 28 пайызға немесе 38 мыңнан 27 мыңға дейін қысқарды. Бұл ретте анықталған заңбұзушылықтар сомасы 2 есе өсіп отыр. Ол 344 млрд теңгені құрады»,- деді комитет басшысы.

Оның атап өтуінше, ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Апелляциялық комиссияның актілерді бұзу деректерінің 13,2 пайызға қысқаруы да салықтық тексеру сапасының жақсарғанын көрсетеді.

«Кедендік тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігі де тауар тазартуда - 18 пайызға және кедендік тексеруде - 26 пайызға артып отыр. Қытай Халық Республикасынан келетін тауарларға 6 мың құндық индикатор енгізілді. Тәуекелді тауарлардың декларациялану құнының артуы да байқалады. Нәтижесінде біз Қытаймен кедендік статистикалық айырмашылықты 53 пайыздан 48 пайызға дейін қысқарта алдық»,- деді ол.

Марат Сұлтанғазиевтің дерегінше, Қытайдан келетін импорт көлемі 15,7 пайызға өскен кезде кедендік төлемдер мен салық түсімі 25 пайызға артып, 267 млрд теңгені құрады.


Соңғы жаңалықтар