«Салиқалы ұрпақ» қоры Мақтаарал ауданында 20 үйдің құрылысын бастады

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат- Мақтаарал ауданында «Салиқалы ұрпақ» қоры 20 үйдің құрылысын бастап кетті. Жаңа баспана су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған Мырзакенттегі жаңа шағынауданнан бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жақын күндері жаңа баспана іргетасы қаланып, үйдің қабырғасы көтеріледі деп жоспарланған. «Салиқалы ұрпақ» қорының ресми өкілі Нұрлан Байымбетовтың айтуынша, тұрғын үй құрылысы шілде айында толық аяқталып, тұрғындарға кілті табысталады.


«Мырзакенттегі біздің қор атынан салынып жатқан үйлерді жергілікті «Нұр ел» және «Тіней-құрылыс» компаниялары жүргізуде. Қазіргі таңда жерді қазу, құрылысқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы күндері іргетасын қалап, 20 үйдің құрылысын 20 шілде күні толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Нұрлан Байымбетов.


Айта кетейік, бұған дейін аталған қор атынан тасқыннан зардап шеккендерге көмек ретінде 20 тонна азық-түлік жеткізілген болатын. Сондай-ақ, «Салиқалы ұрпақ» қоры судан зардап шеккен жағдайы төмен 100 отбасыға 100 мың теңгеден үлестірмек.

Балаларға да базарлық ретінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан 20 оқушыны Алматы облысындағы жазғы лагерьлерге жөнелтеді.


Соңғы жаңалықтар