Салауатты өмір салты мен жоғары ұтқырлық - Қазақстан жастарының трендінде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жетекші ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ Қазақстанның жастар ұйымдары мен ресурстық орталықтарының басшылары «Қазақстан жастары-2021» Ұлттық баяндамасының жобасы бойынша сараптамалық кездесуге қатысты, деп хабарлайды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі .

Биылғы жылдың ерекшелігі - Ұлттық баяндама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында дайындалды, онда Тәуелсіздік ұрпақтарының портреті жасалып, 10-20-30 жыл аралығында болған жастардың даму динамикасына салыстырмалы талдау берілген. Сапалы талдау үшін 4 әлеуметтік зерттеу, сондай-ақ сараптамалық және ғылыми қоғамдастықпен әлеуметтік консультациялар жүргізілді.

Қатысушылар Қазақстандағы жастардың қазіргі жағдайына жан-жақты талдау жасалған ғылыми еңбектің практикалық маңыздылығын атап өтті. Баяндаманың ғылыми авторларының бірі Дана Ашимханова жастар арасындағы өзекті трендтер туралы айтып берді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда жоғары ұтқырлық, диджитализация, заманауи технологияларды пайдалану қарқыны және салауатты өмір салты ең танымал трендтерге айналып отыр.

Сараптамалық талқылау барысында қатысушылар қоғамдық-саяси жүйеде өз рөліңді қабылдау, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтық тұрғысынан білім берудің қолжетімділігі мен сапасы, кәсіптер нарығындағы үрдістер, жастардың ғылымдағы мүмкіндіктері мен перспективалары сияқты маңызды мәселелер қозғалды.

Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 30 жылдағы хронологиясы маңызды бір бөлік болды. Биылғы жылда жаңа заңнамалық бастамаларды, жастарды дамыту индексін енгізуді, жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыруды қамтитын мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда жаңа кезең басталғаны атап өтілді.

ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов сараптамалық кездесудің жұмысын қорытындылай келе, қазақстандық жастардың өзекті мәселелерін шешуде мемлекет пен ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. «Дәл осы «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті« іске асыру аясындағы жалпы күш-жігер еліміздегі жастар саясатын тиімді дамыту ісіндегі қазіргі заманғы сын-қатерлерге дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2013 жылдан бастап жыл сайын «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасын жариялап келеді. Ағымдағы жылдың соңына дейін ҚР АҚДМ тапсырысы бойынша дайындалатын Ұлттық баяндама ресми түрде таныстырылады және көпшілікке ашық түрде қолжетімді болады.



Соңғы жаңалықтар