Сәл кешіксе, өрт болуы мүмкін еді – Абай шахтасындағы оқиғаның мән-жайы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Абай шахтасында тексеру жүргізген Үкіметтік комиссия анықтаған деректерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«К10 деп аталатын желдету штрегінің кенжарында 2-4 қараша аралығында кен барлау және жол аршу жұмыстарына дайындық жүргізілген. Соның арқасында газдинамикалық құбылыстың әсері бәсең болған және метанның таралу ауқымы шектелген. Дәл 7 қараша күні сағат 8.00-де техникалық ауысым жұмысқа кірісіп, дайындықты жалғастырған. Яғни, ешқандай бұрғылау жұмыстары жүргізілген жоқ. Бірінші ауысым жұмысқа кіріскеннен кейін 20 минут өткенде метан концентрациясының артуы тіркелген. Оның мөлшері әр 20-30 секунд сайын өсе келіп, шекті мән – 41%-ға жетеді. Бұл денсаулыққа қатерлі мөлшер қалыптасты деген сөз еді», - деді Юрий Ильин Қарағанды облысындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде.

Министр зардап шеккендер бұдан да көп болуы мүмкін еді деп отыр.

«Шахтадағы газ мөлшерін бақылайтын кезекші диспетчердің жедел әрекетінің арқасында электр қуаты дереу ажыратылып, жұмысшыларды эвакуациялау туралы шешім шығарылған. Соның арқасында көз жұмғандар саны - 6 адам болды. Шахтада от тұтанған жағдайда ондағы 64 адам түгел қаза табуы мүмкін еді», - деді Юрий Ильин.

Министрдің айтуынша, қайтыс болған 6 адам айналасы 2-3 минуттың ішінде уланған.

«Оқиға өте жылдам өрбіген. Кенжарда қалған 6 адам айналасы 2-3 минуттың ішінде уланып үлгерген. Электр қуаты ажыратылғанын көрген шахта жұмысшыларының бірі өздігінен құтқару жұмысын бастап кеткен. Соның арқасында 2 кенші аман қалып отыр», - деп түйіндеді Төтенше жағдайлар министрі.

Еске салсақ, 7 қараша күні Қарағанды облысының Абай шахтасындағы төтенше жағдайдан бірнеше кенші қаза тапқан болатын.

Бүгінгі брифинг барысында Юриф Ильин апатта қаза болған жұмысшылардың кінәсі дәлелденбегенін айтты.


Соңғы жаңалықтар