Сағынтаев Жаңа Алматыдағы жолдардың құрылысы туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ға дейін жететін болады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы өзінің парақшасында жол-көлік инфрақұрылымын салу және жөндеу туралы айтты.

«Өткен жылдағыдай жұмыстың басым бөлігі Жаңа Алматыда жүргізілуде. Қаланың ықшамаудандарына айналған бұрынғы ауылдардың тұрғындары жолдар мен тротуарлардың жоқтығы туралы бірнеше рет мәселе көтерген еді. Оны шешуді былтыр қолға алдық, орталықтан алшақ жатқан тұрғын аймақтарын инфрақұрылымдық жағынан қайта жаңғырту үшін бюджетті нақтыладық және қаржы бөлдік», - деп жазды Б. Сағынтаев.

Оның айтуынша, таяудағы екі апта ішінде жол жөндеушілер ағымдағы жылға жоспарланған жұмыс ауқымын аяқтауға тиіс. Осылайша, мегаполистегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ға дейін жететін болады.

Айта кетерлігі, 2020 жылы ұзындығы 200 шақырым болатын 283 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде шеткі ықшамаудандардағы 177 көше де жөнделді. Бүгін 265 көше жөнделді, ал ұзындығы 18 шақырым болатын 18 көшеде жөндеу жұмыстары жүруде.

Бұдан өзге, биыл ұзындығы 47,8 шақырым болатын 177 көшеде жаңа жолдар салынуда. Ұзындығы 35 шақырымдық 144 көшедегі жолдардың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін ұзындығы 12,8 шақырым болатын 33 көшеге жол салу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Өжет, Ұлжан-1, Ұлжан-2, Шаңырақ-2, Әйгерім-1, Әйгерім-2, Дархан-Байбесік, Трудовик (Томирис), Алғабас-AЗТМ, Жас Қанат, Қарасу, Көк-Қайнар, Ақбұлақ, Саялы-2 ықшамудандарында жаңа жолдар салынуда. Оның ішінде Әйгерім-1, Әйгерім-2, Шаңырақ-2, Ұлжан-1, Дархан-Байбесік ықшамаудандарындағы жолдар пайдалануға берілді. Жалпы бұларда 122 мыңнан астам адам тұрады.

Сонымен қатар, 2020 жылы Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесі, Сейфуллин даңғылы –Жансүгіров көшесі, Бұқтырма көшесі - Құлжа тракті қиылыстарындағы үш жолайрықтарының құрылысы жалғасып жатыр. Абай даңғылы мен Сайын көшесінде үңгілеу жұмыстары жүруде. Солтүстік айналым көшесі – Москвин көшесінің солтүстігі, Солтүстік айналым көшесі – Жұмабаев көшесінің солтүстігі, Солтүстік айналым көшесі – Боралдай көшесінің оңтүстігі, Майлин көшесі – Тоқай көшесі бойларында жаяу жүргіншілердің жерүсті төрт өтпелі жолдарының құрылыстарын аяқтау жоспарлануда.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында жолдардың, көлік өткізгіштердің, жолайрықтарының құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс сапасын қатаң сақтауды және көрсетілген мерзімде пайдалануға беруді тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар