Садақ атудан ел чемпионатына жүзге жуық спортшы қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ертең Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиада орталығында садақ атудан кезекті ел чемпионаты басталады, деп хабарлайды Olympic.kz.

Турнирге еліміздің сегіз өңірінен жүзге жуық спортшы қатысады. Ұйымдастырушылар коронавирус індетіне байланысты жарыс ережесіне көптеген өзгертулер енгізді.

Атап айтар болсақ, Қазақстан біріншілігінің салтанатты түрде ашылу және жабылу салтанаты өткізілмейді. Сондай-ақ, бапкерлер мен спортшылар қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылмайды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде де барлық талаптар сақталады. Турнирге қатысатын спортшылардың ПТР тесті теріс нәтиже көрсетуі керек. Тест оң нәтиже көрсеткен жағдайда спортшы жарысқа қатыстырылмайды.

Әр команданың қасында өз дәрігері жүреді. Олар қатысушылардың денсаулығы туралы ұйымдастырушыларға хабарлап отыруға міндетті.

Чемпионаттың финалдық кезеңі 3 қарашаға жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар