Сәбит Мұқановтың мерейтойына орай жазушының музей-үйі жөндеуден өтпек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқановтың 120 жылдық мерейтойына орай биыл жазушының музей-үйі жөнделіп, «Киелі жерлер» жобасы аясында туристік бағыттар ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Жамбыл ауданы Сәбит ауылында жазушының құрметіне 1990 жылы әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылған болатын. Бұл нысан өңірдің киелі жерлерінің картасына енген.

Бір қабатты ағаш үйді С.Мұқанов Благовещенка елді мекеніндегі көпестердің бірінен сатып, 1959 жылы Сәбит ауылына әкеліп салады. 180 шаршы метрді алып жатқан ғимарат бес бөлмеден: жатын бөлме, қонақжай, ас және қонақ бөлмелері, кіреберістен тұрады. Бүгінде мемориалды музейден жазушының жеке заттарын, бірегей қолжазбаларын, шығармаларын көруге болады. Жалпы 600-ден астам жәдігер сақталған.

«Жергілікті маңызы бар нысан инфрақұрылыммен толық қамтылған. Қазіргі таңда ғимаратты жөнге келтіруге жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Қаражат бөлінген жағдайда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл «Киелі жерлер» жобасы аясында осы Жамбыл ауданына және Айыртау аумағына туристік бағыттар ашуды жоспарлап отырмыз», - дейді СҚО Табиғи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мәмбеталинов.

СҚО-да сәулет және қала құрылысына қатысты 162 ескерткіш бар, оның 105-і Петропавл қаласында орналасқан. 124-і мемлекеттің меншігінде болса, 6-уы қолданыста, қалғаны жекеменшіктің қолында.

«Олардың басым бөлігінің жағдайы қанағаттанарлық болғанымен, үшеуіне күрделі жөндеу қажет. Солардың бірі ХIX ғасырдың екінші жартысында бой көтерген көпес Шулеповтың үйі. Қазір ҚР ҰҚК шекара қызметінің 2032 әскери бөлімшесінің балансында тұр. Олар ғимаратты жөнге келтіру бойынша жұмыс жоспарын ұсынды.

Екіншісі ХIX ғасырдың соңында салынған көшіп-қону бекеті. Бұрын Петропавл қалалық Қорғаныс істері басқармасына қараған. Қазір қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне беріліп жатыр.

Үшіншісі 1907 жылы салынған көпес Дмитриевтің үйі. Оны иесі банкке кепілге қойып, өзі қайтыс болған. Сол себепті қазір ғимаратты иесіз деп тану бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұзақылардан сақтау үшін ғимарат қоршауға алынды», - дейді Рақат Мәмбеталинов.

Жалпы биыл СҚО-да сәулет-қала құрылысы ескерткіштерінің ішінен көпес Шафеевтің үйі, 1915-16 жылы тұрғызылған Сауда үйі және Сырымбет қонысы жөндеуден өтеді.


Соңғы жаңалықтар