Руслан Құрбанов шпагамен семсерлесуден Олимпиадаға жолдама алды

None
None
ҚАЗАН. ҚазАқпарат – Шпагамен семсерлесуден Қазақстан құрамасының өкілі Руслан Құрбанов Токио Олимпиадасына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) бекіткен Олимпиадаға іріктеу ережесі бойынша, әрбір қару түрінен 8 команда жолдамаға ілігеді. Оның ішінде FIE рейтингінде жоғары орналасқан 4 команда лицензия алады, ал 5-16-ыншы орындағы командалар ішінен өз құрлықтарында (Еуропа, Америка, Африка, Азия/Океания) үздік атанғандар Олимпиадаға аттанады.

Жекелей сында командалық турнир арқылы жолдама алған командалардан 24 спортшы бақ сынайды. Командалық турнирде сынға түспейтін атлеттер арасынан FIE рейтингіндегі үздік 6 спортшы лицензия иегері атанады. Бұл жолдамалар спортшылардың географиялық аймағы арқылы бөлінеді. Яғни, Азия-Океания аймағынан екі, Еуропадан екі, Америка мен Африкадан бір-бір спортшыдан Токио ойындарына лицензия иеленеді. Қалған төрт жолдама құрлықтық іріктеу сындарында таратылып, Олимпиада ойындарында жалпы есебі 34 спортшы сынға түседі.

Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) рейтингі бойынша, Олимпиадаға тікелей жолдама алған алты спортшы белгілі болды. Олар - Руслан Құрбанов (Қазақстан), Масара Ямада (Жапония), Гергей Шиклоши (Венгрия), Бас Вервилен (Нидерланд), Гаскон Рубен Лимардо (Венесуэла), Муссам Элькорд (Марокко).

Осылайша, Қазақстан командасының қоржынындағы лицензиялар саны 45-ке жетті.

Осыдан үш күн бұрын үстел теннисінен Анастасия Лаврова жолдамаға қол жеткізген болатын.

Руслан Құрбанов 1991 жылы 17 қыркүйекте Өскемен қаласында дүниеге келген. Семсерлесуден Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2013 жылғы Универсиада ойындарының күміс жүлдегері. Сондай-ақ, әлем кубогі кезеңдерінде бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан көрінген.


Соңғы жаңалықтар