Румынияда Абайдың бюсті ашылды

None
None
БУХАРЕСТ. ҚазАқпарат - Бухаресттің орталығында Абайдың бюсті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Румыниядағы Қазақстан елшілігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Парламент пен мемлекеттік органдардан келген румын саяси қайраткерлері, шет мемлекеттердің елшілері, сондай-ақ академиялық, қоғамдық және іскер орталарының, қабылдаушы елдің БАҚ өкілдері қатысты.


Өзінің сөзінде Елші Нұрбах Рүстемов Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында бюсттің ашылуы Қазақстан мен Румыния халықтарының деген өзара құрметтің, екі елдің тарихын білуге жаңа ұрпақ тәрбиелеудің айқын мысалы екенін атап өтті. Қазақ мәдениетін реформалаушы Абай Еуропалық мәдениетпен қосылуды мұрат қойғаны, оның ұлы мұрасы Шығыс пен Батыс мәдениеттерін синтездей білгендігі баса айтылды.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне және Бухарест мэриясына қазақ ақынының Румынияда мәңгі есте қалуына қосқан баға жетпес үлесі үшін ерекше алғыс білдірілді.

Іс-шараға қатысушылар халықтардың достығының белгісі ретінде қазақ халқының көрнекті ақынын мәңгілікке қалдырудың уақтылығын атап өтті. Атап айтқанда, Румынияның экс-президенті Эмиль Константинеску және Парламент депутаттары палатасының вице-спикері, «Қазақстан-Румыния» парламентаралық достық тобының төрағасы Флорин Иордаке әлемдік деңгейдегі ұлы ақынның бюстінің орнатылуы Бухарест өміріндегі жаңа тарихи кезеңге айналатынын, сондай-ақ әлемдік мәдениетке қосқан үлесі үшін қазақ халқына деген құрметті білдіретінін баса айтты.

Іс-шара аясында «Қара сөздерді» румын тіліне аударған белгілі лингвист Антоанета Олтеану ақынның өмірі туралы айтып берді, ал қазақ тілі мұғалімі бастаған балабақша тәрбиеленушілері Абайдың өлеңдерін жатқа оқыды.

Іс-шара аясында өз картиналарында қазақ халқының ұлттық ерекшелігінің мәнін жеткізе білген Румынияда тұратын қазақстандық суретші Алуа Тебенованың экспозицияларымен безендірілді.

Сондай-ақ, қонақтарға румын тіліне аударылған «Қара сөздер», Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітаптары мен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы басылған брошюралар және басқа да имидждік материалдар ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар