Рульде полицей болған: Қарағандыда жол апатынан сәби көз жұмды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласында екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан бір жасар бала көз жұмды. Көліктердің бірін полиция қызметкері тізгіндеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға 19 қазан күні сағат 21.45-те Қарағанды қаласында Республика даңғылы мен Дүйсембеков көшесінің қиылысында болған. «Mercedes» автокөлігінің жүргізушісі – 37 жастағы полиция қызметкері жұмысынан үйіне қайтып бара жатып, бағдаршамның сары түсіне өтіп кеткен. Салдарынан 29 жастағы азаматтың басқаруындағы «ВАЗ-2114» автокөлігімен соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ-2114» автокөлігінде болған 1 жастағы сәби қаза болды. Жүргізуші және 27 жастағы жолаушы әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. «Mercedes» автокөлігінің 37 жастағы жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлім етті облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінде.


Соңғы жаңалықтар