«Рухани жаңғыру» елдің дамуына идеологиялық негіз болды – Кемелбек Ойшыбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2017 жылы сәуірде, яғни осыдан тура үш жыл бұрын жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алғашқы қорытындысы мен болашаққа жоспары қандай? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбат барысында «Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев айтып берді.

– Кемелбек Бақтығұлұлы, үш жыл ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты жетістігі не болды деп санайсыз?

– Бағдарламаның басты жетістігі - меценаттар туған өлке, туған қалаларын қолдау мақсатында 300 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлді. Осы қаржы есебінен шамамен үш мың жаңа нысан салынды. Тағы бір басты жетістігіміз – әлемдік деңгейдегі бірқатар ғылыми бестселлерді қазақ тіліне аудардық. Еліміздегі бетке ұстар университеттер осы кітаптарға сүйеніп білім беруде. Сондай-ақ, басты жетістік ретінде «Қазақстанның жаңа есімдерін» айтуға болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ең негізгі жетістік - бұл бағдарламаның елдің дамуына идеологиялық негіз болуы. Барлық министрлік пен үкіметтік емес ұйымдар басты құжат ретінде осы бағдарламаға сүйене отырып жұмыс істейді.

– Қазіргі уақытта дүниежүзінде ұлттардың, жеке адамдардың бәсекеге қабілеттілігі бірінші орынға шықты. Заман ағымынан қалмай, бәсекеге қабілетті болу бағытында қандай қадам жасалып жатыр?

– Қазіргі уақытта пандемияға байланысты басты назар – ұлттың денсаулығына қарай ойысуы мүмкін. Соған қарамастан бәсекеге қабілеттілік қағида жағынан да, сапа жағынан да өзектілігін жоймайды. Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Ұлттың бәсекеге қабілетті болуы әр адамның бәсекеге қабілеттілігіне байланысты екенін түсінеміз, сол себепті осы бағыт өте маңызды.

Қазақстандықтар бәсекеге қабілетті болуы үшін не істеуіміз керек? Ең алдымен, қазақстандықтар әлем бойынша бәсекеге қабілетті бола алады деген сенім ұялату үшін адамның санасын өзгертуіміз керек. Ең бастысы – психологиялық кедергіні жою қажет. Бағдарламада қарастырылған сананы жаңғырту осыған қатысты. «Рухани жанғырудың» тағы бір қыры – білімге құмарлықты дәріптеуіміз қажет. Біз балаларды балабақшадан, мектептен-ақ әлем бойынша бәсекеге қабілетті бола алатынымызға сендіре білуіміз керек, ол үшін олар әрдайым білімге құштар болуы тиіс. Ол үшін біз сапалы білім мен денсаулық сақтау туралы оқулық, әртүрлі ақпарат, платформа түріндегі база дайындауымыз қажет. Бұл ұлттың бәсекеге қабілетті болуына негіз бола алады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа көзқарас: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның халықаралық ұстанымына көп көңіл бөлінген. Осы бағыт бойынша қандай нәтижеге жеттік?

– Қазақстандықтардың шетелде қаншама іс тындырғанына қатысты бірнеше мысал келтіруге болады. Атап айтқанда, біздің Мәдениет министрлігіміз арнайы халықаралық көрмелер өткізеді. Биыл пандемияға байланысты үзіліс болды. Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын табады. «Алтын адам» 12 мемлекеттің бетке ұстар музейлерінде көрсетілді. Оны көруге барғандар саны 150 мыңнан асады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әлемдік қауымдастық арасында Қазақстанның танымал болғаны туралы айтуға болады. Болашақта дүниежүзіндегі адамдар бір-біріне Қазақстанда бірегей, ашық көрмелер бар екенін айтып, біздің елге арнайы келетін болады. «Алтын адам шеруі» жалғасын табады және бұл өте маңызды. «Алтын адам шеруінен» бөлек, аталған бағдарлама аясында қазақстандық әртістер шетелге 500 рет гастрольдік сапармен барды. Біздің ұлттық өнерімізге деген қызығушылық бір жерде артық, бір жерде кем болған шығар, дегенмен әлем халқы қазақ мәдениеті мен музыкасы, домбырасы туралы біле бастады. Біз әзірге керемет, үлкен жетістікке жеттік деп айта алмаймыз, оның бәрі алдағы уақытта болады, ұзақ уақытқа құрған жоспарымыз да бар. Шетелдік туристердің елімізге көптеп келуі үшін біз «ақырын жүріп, анық басып», ұзақ жұмыс істеуіміз керек.

– «Рухани жаңғыру» – бұл бастан өткерген тарихымызға тағзым ғана емес, болашағымызға бағдар. Бағдарламаны алдағы уақытта да ойдағыдай жүзеге асырған жағдайда, 10 жылдан кейінгі біздің қоғамды қалай елестетесіз?

– Жалпы, біз қоғамда бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімге құштарлық, сананың ашықтығы, ұлттық кодты сақтау және елдің эволюциялық дамуы сияқты Бағдарламаның нақты құндылықтарын көргіміз келеді. Қоғамда осындай құндылықтарды қалыптастырмасақ – жарқын болашаққа қол жеткізбейміз. Сол себепті «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырумен айналысамыз. Әлі күнге дейін оның жүзеге асырылуына қатысты сұрақтар бар. Институтқа келгенге дейін менің көкейімде де сұрақтар болатын. Қалай болғанда да Бағдарламаның жүзеге асуы қажеттігін түсініп келе жатқанымызды көріп отырмыз. Сондықтан 10 жылдан кейін Қазақстанның келбеті қазір жоспарлағанымыздай бәсекеге қабілетті және өзгеріске ашық болады деген сенім бар. Форсайттық зерттеу әдісі бойынша биыл біз «Қазақстан қандай болуы керек?» деген мәселеге байланысты ғылыми талдау жасаймыз. Осыған байланысты ғалымдарды жұмысқа тарттық. Олар қазіргі уақытта жұмысқа кірісіп кетті және жаздың соңында Қазақстанның даму жолына қатысты үш сценарий, яғни еліміздің болашағына қатысты үш нұсқа ұсынуды жоспарлап отырмыз.

- Сұхбат бергеніңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар