«Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлерде іске асырылуы онлайн-трансляцияда талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өңірлерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша онлайн-трансляция форматында кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңеске облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, министрліктің және өңірлік жобалық кеңселердің өкілдері қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарлар, өңірлік сараптамалық кеңестердің қызметі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының әкімдіктермен және өңірлік жобалық кеңселермен өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ 2019 жылы Бағдарламаны іске асыру қорытындылары талқыланды.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарларды бекіту туралы мәселені көтерді.

Сонымен қатар, кеңес барысында үкіметтік емес ұйымдар, жастар ұйымдары және қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен «Азаматтық алаң» талқылау клубын құру мәселесі талқыланды.

Атап өту қажет, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу және халықпен тиімді кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында кеңес онлайн режимде көрсетілді. Трансляция Министрліктің ресми сайтында және әлеуметтік желілерде қолжетімді болды.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы 5 ақпанда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті, отырыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспары таныстырылды.


Соңғы жаңалықтар