Рудный полицейлері мүгедек әйелді өртеніп жатқан үйден алып шықты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Рудный қаласының тәртіп сақшылары өртеніп жатқан көпқабатты үй ішінен мүмкіндігі шектеулі жанды алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рудный қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рудный қаласындағы Октябрдің 50 жылдығы көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққан. Оқиға орнына патрульдік полиция ротасының инспекторы Мақсұт Досыбаев пен кіші сержант Төлеген Қастаев келді.

«Тұрғын үйдің бесінші қабатында түтін шығып жатты. Әріптесіміз екеуміз ойланбастан өрт шыққан үйге көтерілдік. Түтіннен дым көрінбеді. Адамдардың айқайлаған дауысы арқылы бағыт алдық. Өртеніп жатқан пәтерде мүгедек әйел ғана болды. Аз уақыттың ішінде оны оқшау жерге көтеріп әкелдік», - деді Мақсұт Досыбаев.

Полицейлер зейнеткердің өтініші бойынша пәтерге қайта көтеріліп, мүгедектерге арналған арбаны төменге түсірді.

Осылайша, олар мүмкіндігі шектеулі әйелді өрттен аман алып қалды. Арнайы қызмет өкілдері өрттің электр сымының тұйықталуынан шыққанын анықтады.


Соңғы жаңалықтар